Қазақстан құс тұмауына байланысты Ресеймен шекараға шектеу қойды

Қазақстан құс тұмауына байланысты Ресеймен шекараға шектеу қойды

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі 3-4 тамыз күндері Ветеринарлық және фитосанитарлық қадағалау бойынша федералды қызметтің Челябідегі басқармасы аймақта анықталған құс тұмауы вирусының генетикалық белгілері туралы ақпарат таратқандығын хабарлады. Өлі құстардан алынған сынамаларда H5N8 тұмауы вирусының ұсақ түрі анықталған. Құстардың барлық түрі тұмауды тез қабылдайтыны белгілі. Бұл ауыл шаруашылық, синантропты және жабайы құстарға жылдам жұғатын әрі лезде тарайтын вирустық ауру. Сондықтан, құс тұмауының жаппай таралып кету қаупі бар.

Қазақстан тиісінше қауіпті вирус белгілерінің табылуына байланысты Ресеймен шекараға шектеулер қойды.

«Осыған байланысты Увел ауданаралық ветеринарлық зертханасы, Челябі сынақ зертханасы және Владимир қаласындағы жануарлардың денсаулығын сақтау федералды орталығы жасаған диагноз негізінде Қазақстан аумағында эпизоотикалық талаптарды сақтау мақсатында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті 2020 жылдың 4 тамызынан бастап Челябі облысынан термиялық өңдеуден өтпеген құстарға арналған жемшөп қоспалары (химиялық және микробиологиялық синтездің қоспаларынан басқа), таксидермиялық өңдеуден өтпеген ауланған олжалар (тірі құстар, жұмыртқалар, құс еті және құс етінің барлық түрлері), сонымен қатар құстарды ұстауға, союға және кесуге қолданылатын құрал-жабдықтар әкелуге және тасымалдауға уақытша шектеулер енгізді», - делінген хабарламада.

H5N8 адамдар үшін төмен патогенді деп саналғанымен, ғалымдардың пікірінше, ол тез өзгеріске ұшырап, тұмаудың басқа түрімен ауырған жағдайда өлімге әкеп соғуы мүмкін. Сондықтан шекаралас аймақтардағы эпизоотиялық жағдайды облыстардың ветеринарлық қызметі ерекше бақылауға алды.

Айта кетейік, хабарламада құс тұмауымен байланысты ерекше қауіп аймағы - Қазақстанның солтүстік-батысы екені айтылған.

 

Фото: total.kz