Бейруттағы жарылыс кезінде қазақстандық консул жарақат алды

Бейруттағы жарылыс кезінде қазақстандық консул жарақат алды

Кеше Бейрутта болған жарылыс әлеуметтік желілерде жылдам тарап, жойқын жарылыстың видеосы әлемді шарлап кетті. Дәл қазіргі сәтке дейін оқиға салдарынан 78 адам қаза тапқаны және 4 мың адам жараланғаны белгілі. Зардап шеккендер жергілікті ауруханаларға әлі де түсіп жаьтыр. Тұрғын үйлер мен кеңселер қираған. Қазақстандық дипломаттардың ақпараты бойынша, эпицентрден бірнеше шақырым жерде орналасқан ғимараттардың терезесі сынған. Ал жарылыс себебі әлі күнге дейін анық нақтыланбады. Жергілікті телеарналар зымыран соққысы болуы мүмкін деген де  болжам айтуда. Ал басқалар жарылыс пиротехника қоймасында болды деп санайды. Өз кезегінде Ливан Премьер-министрі портта алты жыл ішінде 2750 тонна аммиак селитрасын дұрыс сақтамағаны үшін жойқын жарылыс болды деген ақпаратты алға тартты.

«Мен мұндай қазаға алып келген жарылысқа кінәлілерді таппай қоймаймын. Тауып, ең ауыр деген жазаны тағайындаймын»,- деді Хассан Дияб.

ҚР Дипломатиялық миссиясының Ливандағы үйіне де залал келтірілгенін атап өткен жөн. Алайда, қызметкерлер жұмыс уақыты аяқталған сәтте үйлеріне қайтқан. Яғни, жарақат алғандар жоқ. Оқиға орнында болған консул ғана кішігірім жарақат алған. Қазір еліміздің Сыртқы істер министрлігінің ақпараты бойынша, қазақстандық дипломаттар Үкіметпен жедел байланыста, Бейрутта тұрып жатқан ҚР азаматтарының жағдайы туралы деректер тексерілуде.

 

Фото: ia-centr.ru