Қазақстандық бітімгерлердің төртінші тобы Ливанға аттанды

Қазақстандық бітімгерлердің төртінші тобы Ливанға аттанды

Қазақстандық бітімгерлердің кезекті тобы Ливанға аттанды. Бұл – «БҰҰ-ның Уақытша күштері» миссиясының құрамында қызмет атқаруға бара жатқан төртінші бітімгерлер тобы. Олар Ливанда 2019 жылдың қараша айынан бері борышын өтеген әскерилерді ауыстырады. Рота 120 адамнан құралған. Қазақстандық әскерилер бұрғынғыдай жарты жыл бойы Ливандағы үнді бітімгершілік батальоны құрамында қызмет етеді. Олар жергілікті аумақты патрульдеу, азаматтық тұрғындарға көмек көрсету, бақылау бекеттерін ұйымдастыру және миссия штабының басқа да шараларына қатысады. Айта кетейік, бітімгерлер күнделікті 50-ге тарта тапсырманы бірігіп орындайды.

«Команда құрамына барлық өңірлік қолбасшылықтар мен өзге де әскери қызметшілері кіреді. 7 ай ішінде жеке құрам кіші командалық, офицерлік құрам байланысшы ретінде оқу-дайындықтарынан өтті. Оқу-дайындық курстары Үндістандағы бітімгершілік орталығында болды», - дейді 4-ші бітімгерлік ротасының командирі Жанат Бірбаланов.

Айта кетейік, қазіргі эпидемиологиялық жағдайға байланысты жеке құрамның денсаулығын қорғау мақсатында әскери қызметшілерді жөнелту екі кезеңде – тамыз айының басында және ортасында жүзеге асырылады.

 

Фото: newtimes.kz