Фармацевтикалық серіктестік: Қазақстан шет елдермен жаңа инвестициялық жобаларды дамытуға ниетті

Фармацевтикалық серіктестік: Қазақстан шет елдермен жаңа инвестициялық жобаларды дамытуға ниетті

Қазақстан мен Иордания ветеринарлық және медициналық мақсаттағы бұйымдар өндірісі саласында бірлескен жобаны жүзеге асыруға ниетті. Бұл туралы Қазақстанның Иорданиядағы елшілігі мен «Kazakh invest» ҰК» АҚ ұйымдастыруы және қатысуымен өткен екі елдің компаниялары өкілдерінің арасындағы онлайн-келіссөздер барысында белгілі болды деп хабарлайды ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі. 

Иордания фармацевтикалық компаниясының бас директоры Абдельмуним Шараф Қазақстанның қолайлы инвестициялық климатын, сондай-ақ республиканың ұтымды орналасуын және үлкен әлеуеті мен нарықтық сыйымдылығы бар ЕАЭО-ға мүшелігін ескере отырып, ветеринариялық препараттардың бірлескен өндірісін құруға қызығушылығын атап өтті. Өз кезегінде, ұлттық компанияның басқарушы директоры Арман Данаев еліміздегі инвестициялық мүмкіндіктерін таныстыра отырып, иорданиялық тарапты шетелдік инвесторлар үшін жеңілдіктер мен преференциялар жүйесі туралы хабардар етті.

Онлайн келіссөздердің нәтижелері бойынша тараптар ветеринарлық фармацевтика саласындағы бірлескен жобаларды іске асыру үшін практикалық мәселелерді талқылау мақсатында жұмыс тобын құруға келісті.

Сонымен қатар, Үндістанның іскер топтары өкілдері де осы саладағы серіктестіктің болашағы зор екеніне сенімді. Қазақстанның Үндістандағы елшілігі «Kazakh invest» ҰК» бірлесіп үйымдастырған вебинарға 100-ден астам бизнес өкілдері қатысты.

Іс-шара барысында қазақстандық тарап республиканың жаңа инвестициялық мүмкіндіктері туралы кеңінен таныстырды. Қазақстанның Үндістандағы елшісі Ерлан Әлімбаев өз сөзінде қос тарап арасындағы тауар айналымының және инвестициялық салымдардың қарқынды артуын атап өтті. 2020 жылдың бес айының қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 1,57 миллиард долларды құрады. Қазақстандық тарап үнді бизнес өкілдерін екі ел арасындағы әлеуетті тиімді пайдалануға, сондай-ақ жаңа инвестициялық жобаларға белсенді атсалысуға шақырды.

Сонымен қатар, үнді кәсіпкерлері қазақстандық әріптестерімен құрылыс, энергетика, инфрақұрылым, химия, тоқыма және тамақ өнеркәсібі саласындағы өзара ынтымақтастықты арттыруға ниет білдірді.

 

Фото: mail.ru