Бүгінге дейін 42 500 теңге төлемін алуға 1 миллионнан аса өтініш түскен

Бүгінге дейін 42 500 теңге төлемін алуға 1 миллионнан аса өтініш түскен

20 шілде сағат 9:00-дегі жағдай бойынша шілде айында шектеу шараларын енгізуге байланысты табысынан айырылғандарға Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан ең төменгі жалақы – 42 500 теңге мөлшерінде біржолғы төлем тағайындауға азаматтардан 1 млн 55 мың бірегей өтініш қабылданды.

Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Өтінімнің ішінде:

– 688,7 мың адам проактивті форматта төлем тағайындауға келісім берді;

– 271,2 мың адам Egov.kz порталы және telegram-боттар арқылы;

– 50,3 мың адам  42500.enbek.kz порталы арқылы;

– 44,8 мың адам екінші деңгейдегі банктердің мобильдік қосымшалары мен интернет-ресурстары арқылы өтініш берген.

Азаматтардың санаттары бөлінісінде:

– 688,7 мың өтініш бірыңғай жиынтық төлем төлеушілерден берілді (проактивті форматта);

– 15,7 мың өтінішті жалдамалы қызметкерлері үшін жұмыс берушілер берді; – 350,6 мың өтініш азаматтардың басқа санаттарынан келіп түсті (жеке кәсіпкерлер, жеке практикамен айналысатын адамдар, азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс алатын жеке тұлғалар).

Ведомствоның мәліметінше Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 880 мың адамға төлем тағайындалды.

Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2020 жылдың шілде айында карантиндік шаралардың енгізілуіне байланысты жұмыс істеп жүрген қазақстандықтарға табысы толық жоғалған жағдайда бір ең төменгі жалақы 42 500 теңге мөлшерінде біржолғы төлем жүзеге асырылады.

16 шілдеден бастап БЖТ төлеушілер болып табылатын адамдар үшін sms-хабарламаларды жіберу арқылы біржолғы төлемді тағайындау бойынша проактивті қызмет көрсету жүзеге асырылуда.

Төлемді проактивті тағайындауға келісім берген азаматтарға басқа арналар арқылы өтінім берудің қажеті жоқ, себебі sms-ке жауап автоматты түрде өтінім беру болып табылады.

17 шілдеден бастап жеке кәсіпкерлерден, жеке практикамен айналысатын адамдардан, азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс алатын жеке тұлғалардан өтінімдер қабылданады.

18 шілдеден бастап БЖТ төлеушілер egov.kz және 42500.enbek.kz порталы, telegram-bot-тар, Aitu мессенджеріндегі 42500.enbek.kz қосымшасы, екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары мен интернет-ресурстары арқылы өтінім бере алады.

Жалақы сақталмайтын демалысқа жіберілген жалдамалы қызметкерлер үшін өтінімді тек жұмыс беруші ғана беретіндігін атап өту қажет. Жұмыс берушілерден (заңды және жеке тұлғалардан) өтініштер 19 шілдеден бастап қабылдануда.

Өтінімдерді қабылдау 2020 жылдың 1 қыркүйегіне дейін жалғасады.