Сарапшы: денсаулық сақтау және туризм – Қазақстан мен Қытай ынтымақтастығының перспективалық салалары

Сарапшы: денсаулық сақтау және туризм – Қазақстан мен Қытай ынтымақтастығының перспективалық салалары

Әлем экономикасы біртіндеп қайта жандана бастады. Өндірістік тізбектер қалпына келіп, кәсіпорындар тауар өндірісінің көлемін арттыруға кіріскен. Қытайдың Қазақстандағы бұрынғы елшісі Яо Пэйшэн Қазақстан мен Қытайдың коронавируспен күрес жолындағы бірлесе атқарған жұмысын жоғары бағалады. Ол алдағы уақытта екі ел денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастығын күшейтуі тиіс деп есептейді.

«Эпидемия енді басталған шақта Қазақстан Қытайға қол ұшын созды. Студенттерімізді елге қайтарып, гуманитарлық көмек көрсетті. Кейін біз де елдеріңізге көмектестік. Бұл нағыз стратегиялық серіктестіктің белгісі. Сарапшылардың айтуынша, болашақта коронавирустың өршуі қайталануы мүмкін. Сондықтан біз денсаулық сақтау саласында да ынтымақтастық орнатуымыз керек», деп мәлім етті Қытайдың Қазақстандағы бұрынғы елшісі Яо Пэйшэн.

Сондай-ақ, оның пікірінше, Нұр-Сұлтан мен Бейжің шаһарлары туристік қарым-қатынасты дамытулары қажет. Жалпы, екі ел астаналары 2006 жылы бауырлас қалалар атанған еді. Содан бері барлық салада екіжақты қарым-қатынасы жылдан-жылға дамып келеді. Мәселен, Бейжің халықаралық ЕХРО-2017 көрмесіне қатысты. Бүгінде қалалар арасын тікелей әуе рейсі қосқан. Пандемия аяқталған соң екі арада теміржол қатынасын іске қосу қажет, дейді дипломат. Өйткені Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан елдер тарихқа қызығушылар үшін ерекше тартымды.

«Мен жолаушылар пойызын іске қосуды ұсынар едім. Бұл туристерді көптеп тартуға мүмкіндік берер еді. Меніңше, Нұр-Сұлтанның туристік қала атануда әлеуеті зор. Сондықтан да шаһар басшылығы алдағы 5 жылда қалаға 3 миллион турист тартуды көздеп отыр. Ал олардың басым бөлігі қытайлық жиһанкездер бола алар еді деп ойлаймын. Өйткені біз географиялық тұрғыдан жақын орналасқанбыз», дейді Қытайдың Қазақстандағы бұрынғы елшісі Яо Пэйшэн.

 

Фото: vlast.kz