«C5+1»: Орталық Азия елдері мен АҚШ арасындағы ынтымақтастықты дамыту жоғары деңгейдегі кездесуде талқыланды

«C5+1»: Орталық Азия елдері мен АҚШ арасындағы ынтымақтастықты дамыту жоғары деңгейдегі кездесуде талқыланды

Орталық Азияның бес республикасының сыртқы істер министрлері мен АҚШ Мемлекеттік хатшысы Майк Помпео және оның орынбасары Дэвид Хейлдің қатысуымен «С5+1»-дің бейнеконференция форматында жоғары деңгейдегі кезекті кездесуі өтті. Шараға Қазақстанның Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді қатысты.

Бейнеконференцияға қатысушылар сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту жолдары мен жоспарларын, сондай-ақ COVID-19 пандемиясының таралуы кезіндегі қауіп-қатерлермен бірлесе күресу жайын талқылады. Сондай-ақ Ауғанстан Ислам Республикасында бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуді қолдау бағытындағы шаралар да сөз болды.

Қазақстан сыртқы саяси ведомствосының басшысы Орталық Азияға АҚШ инвестициялары мен технологияларын тарту және ол үшін «Астана» Халықаралық қаржы орталығының алаңын қолдану бойынша «C5+1» диалогы аясындағы жұмысты жалғастырудың маңыздылығын атап өтті.  М.Тілеуберді жаһандық күйзелістерге қарамастан, платформа Орталық Азия мен АҚШ арасындағы экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге, транзиттік және көліктік әлеуетті дамытуда технологиялар мен сараптамалық көмек тартуға, қоршаған ортаны сақтауға және аймақтық қауіпсіздікті нығайтуға арналған тиімді алаң болып қала беретінін жеткізді.

Сондай-ақ аймақтың сыртқы істер министрлері экономикалық және сауда интеграциясының маңыздылығы туралы айтты. Тараптар өңірлік мәселелерді бірлесіп шешу үшін өзара ықпалдастықты белсендетуге ниет білдірді.

«C5+1» форматы 2015 жылдан бастап жұмыс істейді және Орталық Азияның бес елі мен Америка Құрама Штаттарының өзара әрекеттесуінің көпжақты механизмі болып табылады.

 

Фото: gov.kz