Парламент VI шақырылымның бесінші сессиясын аяқтады

Парламент VI шақырылымның бесінші сессиясын аяқтады

Бүгін Парламентте бесінші парламенттік сессияны аяқтаған палаталардың бірлескен отырысы өтті. Депутаттар демалысы алдындағы соңғы отырыста Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулин жұмыс барысын қорытындылады. Жалпы, Сессия барысында Палаталардың 3 бірлескен отырысы өтті. Бесінші сессия кезінде қос Палатаның қарауында 161 заң жобасы болды, оның 98-і қабылданды. Бүгінгі күні Парламент қабылдаған заңдардың жартысынан көбіне Мемлекет Басшысы қол қойып, олар заңды күшіне енді.

Нұрлан Нығматулин өз сөзінде қабылданған «2020 - 2022 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңға ерекше назар аударды. Оның айтуынша, Заң мемлекет саясатының әлеуметтік бағыттылығын толық көрсетеді. Сонымен қатар мәжіліс төрағасы үш жылдық бюджет шығыстарының басым баптары адами капиталды дамытуға, сапалы денсаулық сақтауға қол жеткізуді қамтамасыз етуге, халықты нәтижелі жұмыспен қамтуды ынталандыруға бағытталғанын атап өтті. Сонымен қатар, бюджет басымдықтарында: экономиканың нақты секторын өсіру, экономика салаларын технологиялық жаңғырту және цифрландыру үшін жағдай жасау, тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыру сияқты шығыс баптары бар екендігін де айтты.

Бесінші сессия ішінде депутаттар қазақстандықтардың өміріндегі өзекті мәселелерді шешу үшін заң шығаруға бастама жасау бойынша өзінің конституциялық құқығын белсенді пайдаланды. Осы сессияда депутаттар өздері бастамашы болып, 35 заң жобасын әзірледі, олардың 12-сі қазірдің өзінде қабылданып, 23-і бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.

Тағы бір айта кетерлік жайт, депутаттар ана мен баланы қорғау, салық салу, аудиторлық қызмет, қылмыстық заңнаманы жетілдіру, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл, ауылдық елді мекендерде Интернетке қолжетімділікті қамтамасыз ету, білім беру, ғылым және т.б. мәселелер бойынша заңнамалық түзетулер енгізуге де бастамашылық жасады.

Қазіргі уақытта Парламент қоржынында 61 заң жобасы бар. Оларды депутаттар алдағы алтыншы парламенттік сессия барысында қарастыратын болады. Осыған байланысты, Парламент депутаттарының алдында дағдарыстан кейінгі кезеңде отандық экономиканы тұрақтандыру мен Қазақстанның үдемелі түрде ілгерілеуі үшін өздерінің барлық күш-жігерін жұмсау сияқты ортақ міндет тұр.

Авторы: Әсел Күшенғалиева

 

Фото: zakon.kz