САМСА форумы: Орталық Азия мен Кавказ елдері, Монғолия және Ауғанстан аймақтың дамуын талқылауда

САМСА форумы: Орталық Азия мен Кавказ елдері, Монғолия және Ауғанстан аймақтың дамуын талқылауда

Коронавирус пандемиясымен күрес, аймақаралық сауданы және кәсіпкерлікті дамыту, сондай-ақ аймақтық қауіпсіздік мәселелері және цифрлық трансформацияның негізгі аспектілері. Дәл осы тақырыптарды Орталық Азия, Моңғолия, Кавказ және Ауғанстанның ресми, ғылыми және іскер топтарының, сондай-ақ қоғамдық ұйымдарының өкілдері жыл сайынғы жетінші СAMСA аймақтық форумында (Central Asia-Mongolia-Caucasus-Afghanistan, CAMCA) талқылауда.

Биыл бұл шара онлайн-форматта ұйымдастырылған және ол маусымның 19-ына дейін жалғасады.

Қазақстандық тараптан еліміздің АҚШ-тағы Елшісі Ержан Қазыханов пен «Астана» Халықаралық қаржы орталығының Басқарушысы Қайрат Келімбетов қатысуда.

Атап өтерлігі, форум алғаш өткізілген 2014 жылдан бері оның жыл сайынғы жиындарына әлемнің 25 елінен және 150 компаниясынан жүздеген өкіл қатысып, 160 мыңнан аса баяндамашы сөз сөйлеген. Аталған форум аймақ елдерінің жас көшбасшылары арасындағы диалогты жандандыруға және ықпалдастығын арттыруға бағытталған. Ал түрлі сала өкілдерінің арасындағы тығыз ынтымақтастық аймақтық деңгейде экономикалық, саяси және әлеуметтік дамуға септігін тигізеді.

Келесі аймақтық форум 2021 жылы Алматыда өтеді деп күтілуде. Онда көлік және транзит, бизнес пен инвестиция үшін мүмкіндіктер, геосаяси және экономикалық үрдістер, адами капиталды дамыту және т.б. тақырыптар талқыланбақ.

 

Фото: 24.kz