Қазақстан Ислам ынтымақтастық ұйымының шұғыл отырысына қатысты

Қазақстан Ислам ынтымақтастық ұйымының шұғыл отырысына қатысты

Қазақстан 1967 жылғы шекара бойынша Шығыс Иерусалимдегі астанасы бар Палестина Мемлекетінің құрылуын қолдайды. Сондай-ақ ресми Нұр-Сұлтан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің, 2002 жылғы Араб бейбіт бастамасының тиісті қарарларына сәйкес келетін Палестина-Израиль қақтығысын реттеуді жақтайды. Қазақстанның ресми ұстанымы Ислам ынтымақтастық ұйымы Атқарушы комитетінің ИЫҰ-ға мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлері деңгейіндегі төтенше ашық отырысында хабарланды. Бейне конференция форматында өткен жиында Қазақстандық делегацияны ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Шахрат Нұрышев басқарды.

Қатысушылар Палестина аумағының бір бөлігіне, оның ішінде Иордан өзенінің батыс жағалауына Израиль егемендігін тарату жоспарына қатысты ұжымдық ұстанымды талқылап, тұжырымдады.

Қазақстан қақтығысушы тараптарды біржақты қадамдардан бас тартуға және «екі халық үшін екі мемлекет» қағидаты негізінде алдын ала шарт жасамай келіссөз процесін қайта бастауға шақырады. Сондай-ақ  Шахрат Нұрышев мүдделі тараптардың сындарлы диалогының маңызын атап айтты.

Отырыс Сауд Арабиясы мен Палестинаның сыртқы саяси ведомстволары және  ИЫҰ Бас Хатшылығының үйлестіруімен ұйымдастырылды. Жиынға 39 астам елдің делегациясы қатысты.

Фото: inform.kz