ҚР Президентінің өкілеттігі толықтырылады

ҚР Президентінің өкілеттігі толықтырылады

Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне соғыс жағдайы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы екі оқылымда қаралып, қабылданды.

Құжаттың негізгі мақсаты – соғыс жағдайы саласындағы заңнаманы жетілдіру. Бұл елімізде қауіпсіздікке төнетін қатерге ден қою үшін мемлекеттің қорғаныс әлеуетін қолдау қажеттігінен туындап отыр. Үкімет қызметі мынадай өкілеттікпен толықтырылады: бейбіт уақытта соғыс жағдайы кезеңіндегі министрліктер туралы ережені бекіту, соғыс жағдайы кезеңінде мемлекеттік органды соғыс уақытындағы штатқа көшіруді ұйымдастыру, жергілікті атқарушы органға азаматтық және аумақтық қорғаныс саласын қамтамасыз ету міндетін белгілеу.

«Оның мақсаты – мемлекеттің соғыс жағдайы кезеңінде жұмыс істеуі, сонымен қатар бейбіт уақытта оған дайындалу мәселесін құқықтық реттеу. Әсіресе, «Соғыс жағдайы туралы» Заңда Президент өкілеттігін толықтыру ұсынылып отыр. Ол бейбіт уақытта іске асырылады. Бұл соғыс жағдайы саласын қолдану тәртібін айқындау, Қарулы Күштер Жоғарғы Бас қолбасшылығы Ставкасы туралы, Қорғаныс кеңестері туралы, соғыс жағдайы кезеңінде Үкімет қызметін ұйымдастыру туралы ережені бекіту болып отыр», - деді ҚР Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары Мұрат Бектанов.

Сенат ЕАЭО мен ҚХР кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлар жөнінде ақпарат алмасу туралы келісімді ратификациялады

Сондай-ақ, ЕАЭО мен Қытай кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлар мен халықаралық тасымал көліктері жөнінде ақпарат алмасу туралы келісімді ратификациялау жайлы заңы қаралды. Құжатта екі тараптың кедендік аумағына әкелінетін тауарларға қатысты кедендік операцияларды жүргізуді жеделдету, ақпарат алмасу және халықаралық логистикалық арналарды құру көзделген. Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, ақпарат алмасу ЕАЭО-ның интеграцияланған ақпараттық жүйесі мен Қытай өкілетті органдарының ұлттық ақпараттық жүйесі арқылы электронды түрде жүзеге асады.

«Келісім күшіне енген күннен бастап 18 айдан кешіктірмей мәліметтің құрылымын, форматын, ақпарат алмасудың техникалық шарттарын анықтайтын жекелеген хаттамалар қабылданады. Бұл хаттамалар ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің орталық кеден органдарымен және Қытайдың бас кеден басқармасы арасында жасалады, ратификациялауды талап етпейді», - деді Ерұлан Жамаубаев.

Министр Қазақстанның ақпараттық жүйесі толығымен дайын екенін атап өтті. Бастапқы кезеңде Қытаймен тәуекелділігі жоғары тауарлар мен қымбат бұйымдар туралы ақпарат алмасу көзделгенін айтты. Кейін тауарлар тізбесі тағы кеңейтілетін болады.

«Біздің мақсат – контрабанданы болдырмау, бюджетке көптеп ақша түсіру және ақпараттың барынша толық алмасуын қамтамасыз ету. Орталық кеден органдары арасында экспортталатын тауарлар шығарылғаннан кейін 4 сағаттан кешіктірмей ақпарат алмасуды жүзеге асыру мүмкіндігі беріледі», - деді министр.

Келісімді іске асыру республикалық бюджеттен ақша бөлуді талап етпейді. Сенат депутаттары заңды бірауыздан қабылдады.

Сенаторлар лотереяның заңсыз жарнамасына айыппұл салуға қатысты құжатты қабылдады

Сондай-ақ, жоғарғы палата отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне лотереялар және лотерея қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы екі оқылымда қаралып, қабылданды.

Атап айтқанда, лотерея операторы болып саналмайтын тұлғаның лотерея ойындарын жүргізгені үшін әкімшілік жауапкершіліктің енгізілуі ескерілген. Осы орайда жеке тұлғаларға - жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, шағын бизнес немесе коммерциялық емес ұйымдар үшін - үш жүз, орта бизнес үшін - бес жүз, ірі бизнес үшін бір мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.

Ал бір жылдың ішінде қайталанып жасалған заңсыз іс-әрекеттер үшін жеке тұлғаларға екі жүз, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға - жеті жүз елу, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – бір мың, ірі бизнес үшін екі мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынып, әкімшілік құқық бұзушылықтың табыстары тәркіленеді.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: 24kz