Бүгін – БҰҰ бітімгерлерінің күні

Бүгін – БҰҰ бітімгерлерінің күні

29 мамырда әлемде Біріккен Ұлттар Ұйымы бітімгерлерінің күні атап өтіледі. Бейбітшілікті қорғауға бағытталған қызметін 1948 жылы қолға алған халықаралық ұйым қазірге дейін 70-тен астам миссияны ұйымдастырған. Әлемде қазір БҰҰ-ның 15 бітімгерлік операциясы жүріп жатыр. Соның Ливандағы миссиясына 42 елдің әскерилерімен қатар Қазақстан жауынгерлері де атсалысуда.  120 сарбаздан тұратын қазақстандық рота үндістандық батальон құрамында міндетін атқарып жатыр.

«Ливандағы БҰҰ бітімгерлерінің басты міндеті – Қауіпсіздік кеңесінің 1701 қарарын орындау. Нақтырақ айтқанда, аймақта қарулы қақтығысты болдырмауға күш салу. Ал қазақстандық ротаға көгілдір сызық бойында бітімгерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеті жүктелген. Сондай-ақ, 16 шақырымдық аумақты қадағалап, халыққа түрлі көмек көрсету бойынша функцияларды жүзеге асыру да біздің мойнымызда»,- дейді Ливандағы Қазақстан бітімгерлік контингентінің командирі Жәнібек Нұрланов. 

Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі, Сириядағы ахуалды тұрақтандыру бойынша Астана процесі, Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт, АТОМ жобасы, «Әлем.ХХІ ғасыр» манифесі сынды бейбіт бастамаларымен әлемге танылған Қазақстан жер-жаһандағы бейбіт өмір мен қауіпсіздікті нығайту жолында адал қызметін жалғастырып келеді.

 

Фото: sputniknews.kz