Қазақстанның COVID-19 пандемиясымен күрес шаралары жоғары бағаға ие болды

Қазақстанның COVID-19 пандемиясымен күрес шаралары жоғары бағаға ие болды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришпен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды Ақорда.

Әңгіме барысында COVID-19 пандемиясын және оның салдарын жою аясында БҰҰ мен Қазақстанның қабылдаған нақты іс-шаралары талқыланды. Қазақстан Президенті пандемияның ұлттық экономика мен денсаулық сақтау жүйесіне тигізген кері әсерін жеңілдетуге қатысты БҰҰ Бас хатшысының белсенді әрекеттеріне жоғары баға берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі жағдайдың жаһандық дағдарысқа қарсы күресте алдыңғы шепте жүрген БҰҰ мен оның агенттіктерінің маңызды рөл атқаратынын айқындап бергенін атап өтті.

«Қазақстан халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға және экономиканы қайта қалпына келтіруге бағытталған БҰҰ бастамаларын толықтай қолдайды», - деп баса айтты Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өз кезегінде Антониу Гутерриш Қасым-Жомарт Тоқаевқа БҰҰ-ның бастамаларын қолдағаны және өңірлік деңгейдегі коронавирусқа қарсы күреске қосқан елеулі үлесі үшін ризашылығын білдірді.

Сонымен қатар Антониу Гутерриш Қазақстанның 2020-2021 жылдарда теңізге шығатын жолы жоқ дамушы елдер тобына төрағалық етуіне  оң баға берді. Әңгіме барысында БҰҰ Бас хатшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты «COVID-19 тұсында және одан кейінгі кезеңде дамуды қаржыландырудың жоғары деңгейдегі сегменті» атты форумға қатысуға шақырды. Аталған шара 28 мамыр күні бейне конференция форматында өтеді.

Cонымен қатар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанның жолдау хаты келіп түсті. Құжатта Түркия басшысы Қазақстанның COVID-19 індетіне қарсы іс-шараларына қолдау білдірді. Бұл туралы Ақорда хабарлайды.

 «Қазақстанда COVID-19 індетіне қарсы қабылданып жатқан тиімді шаралар мен жұмыстарыңызды мұқият қадағалап отырмыз. Ең алдымен, індетпен күресте алғы шептегі медицина қызметкерлерінің жұмысына табыс тілеймін. Қазақ халқы бұл дағдарысты аз шығынмен еңсеретініне сенімім мол. Осы орайда, достас әрі бауырлас Қазақстанға қол ұшын созуға әрдайым дайынбыз. Қазақстандық достарымыздың күш-жігеріне қолдау болар деген ниетпен еліңізге медициналық жабдықтар жіберудемін», – делінген хатта.