Қазақстанда «парламенттік оппозиция» ұғымы пайда болады

Қазақстанда «парламенттік оппозиция» ұғымы пайда болады

Елімізде «парламенттік оппозиция» ұғымы  пайда болады. Мәжіліс «Парламент және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңға өзгерістер енгізу туралы заң жобасын мақұлдады.

«Аталған заң жобасы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық қоғамдық кеңестің отырысында «парламенттік оппозиция» институтын заңнамалық бекіту туралы тапсырмасын орындау мақсатында дайындалды. Мемлекет басшысының аталған тапсырмасын пайдаланып, «Ақ жол» партиясы алдын ала дайындаған парламенттік оппозиция туралы заң жобасын қазіргі жағдайдың талаптарына сәйкес қайта жаңартты. Заң жобасы фракция депутаттарының сапарлары барысында жергілікті және ұлттық деңгейінде сайлаушылардың, ғалымдардың әрі саяси қоғам өкілдерінің талқылауынан өтті. Талқылау жұмыстары бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды», - деді Мәжілісінің депутаты Азат Перуашев.

Заң жобасының негізгі мақсаты - қолданыстағы заңнамада «парламенттік көпшілік» және «парламенттік оппозиция» ұғымдарын бекіту бойынша құқықтық негіздерді қамтамасыз ету.

Мәселен, парламенттік оппозицияға қандай да бір мәселе бойынша өз ұстанымын білдіруге кепілдік беру мақсатында заң жобасында саяси партиялар фракциялары басшыларының Парламент Палаталарының бірлескен отырыстарында, Парламент Мәжілісінің жалпы отырыстарында, тұрақты комитеттердің, жұмыс топтарының отырыстарында, парламенттік тыңдаулар мен өзге де іс-шараларда сөз сөйлеуге кепілдік берілген құқығын бекіту көзделеді.

Заң жобасымен парламенттік оппозицияға Парламент Мәжілісінің Регламентінде көзделген тәртіппен күнтізбелік жылда кемінде бір парламенттік тыңдау өткізуге бастамашылық жасау, сондай-ақ парламенттік сессияда кемінде екі рет «үкімет сағаттарының» күн тәртібін айқындау құқығы беріледі.

«Кез келген парламенттік іс-шараларда парламенттік көпшіліктің орны, рөлі шешу екенін жақсы білеміз. Ал осы заң жобасының мақсаты – парламенттік оппозицияның құқықтарын іске асыру. Қоғамды алаңдататын проблемаларды көшеде емес, Парламент қабырғасында көтерген дұрыс деп санаймыз. Сол үшін оппозицияға кемінде сессия сайын өзекті тақырыптарды парламенттік тыңдау деңгейінде көтеруге мүмкіндік беру керек», - деді Азат Перуашев.

Өз кезегінде Мәжіліс Төрағасы аталған мәселеге қатысты пікір білдірді. Нұрлан Нығматулин бұл бастама елімізде ашық қоғамды дамытуға ықпал ететінін ерекше атап өтті.

«Осыған орай, Мәжіліс депутаттары бастамашы болған осы заң жобасында алғаш рет «парламенттік оппозиция» деген ұғым енгізілді. Бұл Парламент тарихында бұрын болмаған, бірақ та, уақыт талабына сай жасалып отырған өте қажетті қадам. Себебі, Парламенттік оппозиция - демократияны одан әрі нығайтуға, Парламент жұмысын дамытуға, сонымен бірге, ашық және еркін қоғамды қамтамасыз етуге ықпал ететін болады. Сондықтан, дамыған елдердің тәжірибесін ескере отырып, осы заң аясында, тиімді парламенттік оппозиция қалыптастыру керек деп есептейміз», - деді Нұрлан Нығматулин.

 

Фото: sputniknews.kz