СІМ: «Мақтаралдағы су апатына байланысты Қазақстан Өзбекстанға наразылық нотасын жібермейді»

СІМ: «Мақтаралдағы су апатына байланысты Қазақстан Өзбекстанға наразылық нотасын жібермейді»

Мақтаралдағы су апатына байланысты Қазақстан Өзбекстанға наразылық нотасын жібермейді. Бұл туралы ҚР СІМ-нің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді. Еске сала кетейік, Сардоба су қоймасы бөгеті бұзылып, салдарынан Түркістан облысының бірқатар елді мекендерін су басқан еді.

СІМ-нің ресми өкілі екі тараптың барлық байланыстары толықтай Мәңгілік достық және стратегиялық әріптестік туралы шарттардың және Трансшекаралық су ағындары мен халықаралық көлдерді қорғау және пайдалану жөніндегі Конвенцияның нормаларына сәйкес жүзеге асырылатындығын түсіндірді.

Айбек Смадияровтың айтуынша, 2 мамырда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевпен телефон арқылы сөйлескен. Сондай-ақ, сұхбат барысында тараптар орын алған жағдайды нақты талқылап, екі ел үкіметі үйлесімді жұмыс атқаратыны туралы уағдаласқан болатын.

«Су басу салдарын бірлесіп жою бойынша үкімет пен шекаралас өңірлер басшыларының тығыз өзара іс-қимылын назарға ала отырып, өзбек тарапына ҚР Сыртқы істер министрлігінің нотасын жолдау мәселесі қарастырылмайды», - деді Айбек Смадияров.

Сонымен қатар ҚР СІМ-нің ресми өкілі «Түркістан облысының әкімі Өзбекстанның көршілес өңірлеріне жедел түрде сапар жасады, сондай-ақ өзбек тарапымен қажетті келіссөздер жүргізіп, оның қорытындылары туралы Үкіметтің бүгінгі отырысында баяндады»,- деп нақтылай түсті .

Бұған дейін Премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр бастаған Үкіметтік комиссия құрылған болатын. «Ертең ол Түркістан облысы мен Өзбекстанға бірлескен іс-қимыл алгоритмін пысықтау үшін барады», - деді ҚР СІМ-нің ресми өкілі Айбек Смадияров.

 

Фото: vlast.kz​