Президенттік басқару формасы: Жарасым мен жасампаздықтың 30 жылы

Президенттік басқару формасы: Жарасым мен жасампаздықтың 30 жылы

Қазақстандағы Президенттік институттың ресми құрылғанына тура 30 жыл толды. 1990 жылы 24 сәуірде Қазақ КСР Жоғары Кеңесі Конституцияға тиісті өзгертулер мен толықтырулар енгізіп, тұңғыш рет Президент лауазымын құру туралы заң қабылданған болатын. Осыбір тарихи сәттен бастап президенттік институт елімізбен қатар дамып келеді.

30 жыл елге не берді? Мемлекетіміздің ендігі беталысы мен бағдары қандай болмақ? Бұл мәселелер «Президенттік басқару формуласы: конституциялық негізі және саяси практика» атты халықаралық онлайн конференцияның өзегіне айналды. Оған жетекші ғалымдар, мемлекеттік қызметкерлер, тарихшылар, Қазақстан және бірқатар шетелдік жоғары оқу орындарының басшылары мен саясаттанушылар қатысты.

Жиында Қазақстанның тұңғыш президенті – Елбасы қорының президенті Қанат Жұмабаев осынау тарихи шешімдердің бастауындағы Нұрсұлтан Назарбаевтың рөлін атап өтті. «Тәуелсіздік алған жылдары Елбасының қатысуымен көптеген маңызды шешім қабылданды. Конституция қабылданып, ұлттық валюта енгізілді, Қарулы күштер жасақталып, ұлттық қор жасалды. Ұлттық қор – болашақ ұрпақ үшін қауіпсіздік кепілі. Көріп отырғанымыздай бұл өте дана шешім. Тұңғыш Президент ел басқарған жылдары Қазақстан өте жауапты әрі құрметті халықаралық қауымдастық мүшесіне айналды. Түркі кеңесінің негізін қалаушы атанды. Сол себепті президенттік басқару формасы – Қазақстанның мемлекеттігі тарихында өте маңызды екенін атап өту керек», - деді ол.

Президенттік институттың халықаралық қатынастарды дамыту мен ынтымақтастықты қалыптастыру бағытындағы рөлін жиынға қатысушылар мойындап отыр. Мәселен, америкалық саясаттанушы әрі журналист Ариэль Коэн Қазақстандағы президенттік билік елдегі барлық жетістіктің негізі деген ой білдірді. Ал елордадағы ЕҚЫҰ бағдарламалары кеңсесінің басшысы Дьердь Сабо Қазақстан басшылығы қабылдаған реформалар аясындағы жұмыстарды жоғары бағалады.

«Біз Қазақстанда Конституциялық Кеңеспен, Әділет министрлігімен, құқық қорғау органдарымен ынтымақтастықта жұмыс істеудеміз. Осы орайда реформаларға қолдау көрсетуге тырысамыз. Бүгінгі конференцияға қатысып отырғандардың барлығы ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің өкілдері болып отыр, бұл өз кезегінде есте қаларлық әрі қуанышты оқиға», - деді Дьердь Сабо.

Жалпы алғанда онлайн конференцияның делегаттары президенттік институттың жүзеге асырылуы республикадағы қазіргі және болашақтағы экономикалық- әлеуметтік реформалардың берік іргетасы болып келгеніне және болашақта да солай болып қаларына сенім білдірді.