Әйелдер мен жастар саясатқа белсенді түрде тартылатын болады

Әйелдер мен жастар саясатқа белсенді түрде тартылатын болады

Сайлау тізімдерінде әйелдер мен жастар үшін 30% міндетті квота қарастырылады. Бүгін мәжіліс қоғамның бұл топтарын ел саясатына белсенді тартуға тиісті негізделген заң жобасын мақұлдады.

«Бұл сұрақ жалпы қоғамда және жұмыс тобында көп талқыланды. Біріншіден, көптеген елдерде сайлау партиялық тізімде жастарға арналған квота міндетті түрде бекітілген. Екіншіден, қай кезде қандай қоғамда болса да, жастарға деген сенім өте зор. Әрине, жастардың өмірлік тәжірибесі аздау болуы мүмкін, бірақ олардың заманға сай идеялары, ұсыныстары өте көп. Қазақ халқы осындайда «асыл тастан, ақыл жастан» дейді», - деді Нұрлан Нығматулин Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында.

Бұдан былай сайлау туралы Конституциялық заңда жаңадан қабылданған толықтыруға байланысты әйелдер мен жастарға арналған квоталарды партиялық тізімге енгізу туралы талап қойылатын болады.

«Осыған орай, халықаралық тәжірибе аясында ұсынылып отырған жаңа нормалар әйелдерді елдің қоғамдық-саяси процестеріне белсенді тартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы атап өткендей, біз жастардың Парламентке және жергілікті өкілетті органдарына келуіне ықпал етуге тиіспіз. Осы бөліктегі заңнамалық түзетулер, қоғамдық-әлеуметтік проблемаларды шешу үшін қабілетті жастарды да саясатқа белсенді тартуға мүмкіндік беретін болады», - деді Әділет министрі Марат Бекетаев.

Оның сөзіне қарағанда, бүгінгі таңда әлемдегі мемлекеттердің басым бөлігі әйелдер мен жастардың сайлау процесіне тең қолжетімділігіне кепілдік беру үшін қажетті шаралар қабылдауда. Партиялық гендерлік квоталар Еуропа елдерінде қолданылады және осындай ережелер Германия, Норвегия, Франция және Бельгияда кеңінен таралып, олар сайлау туралы заң деңгейінде бекітілген.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: altyn-orda.kz