АҚШ пен НАТО Ауғанстаннан әскерлерін толықтай шығарады

Демалыс күндері АҚШ пен Талибан келісімге келді. Сарапшылар бұны аса маңызды тарихи құжат деп отыр. Бұл ерекше оқиға Ауғанстандағы бейбіт үрдістердің бастауына жол ашады. Айта кетейік, екі жақ 19 жыл бойы жүргізген бейбітшілік жөніндегі келіссөздердің нүктесін қойды. Келісімге сай АҚШ пен НАТО 14 айдың ішінде елден әскерлерін толықтай шығаруы тиіс. Сондай-ақ құжат аясында келесі аптада, яғни наурыздың 10-ы күні тәліптер мен ауған аумағындағы өзге де күштер арасында келіссөздер өтетін болады. Тараптар өзара оқ атуды мүлдем доғару бойынша талқылаулар жүргізеді, деп хабарлайды Kazakh TV арнасының тілшісі. 

ДИМОСТЕНИС ДИМОПУЛОС, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАТЫНАСТАР БОЙЫНША САРАПШЫ:

- Аймақтағы қауіпсіздік мәселелері, әсіресе Ауғанстандағы террористік ағымдар мен оларға жататын топтар және ұйымдасқан қылмыстық топтардың салдарынан аса өзекті болып тұр. Бұл райда туындайтын енді бір мәселе шетелге кетіп жатқан капитал мен ғалымдардың ағыны. Бұл күрмеулі мәселелердің түйінін тарқату үшін Ауғандағы қақтығыстарды тоқтатып, ахуалды жақсарту үшін жергілікті халыққа сенімді әрі тұрақты жұмыс жасайтын ел үкіметін құруға мүмкіндік беру керек. Оның құзіреті осы мәселелерді шешуге жарайтындай тетіктермен қамтылуы тиіс.  

Сондай-ақ Ауғанстанда 8-ге тарта демократиялық сайлау болғанын ерекше атап өтуге болады. Елдегі бұл саяси науқандардың тұрақты түрде ұйымдастырылуы ондағы халықтың демократялық мәдени қоғам құруға ниеттерінің аса жоғары екенінің жарқын көрінісі деп санаймын. Бұл – өте маңызды қадам.

Аймақ мемлекеттері Ауғанстандағы келеңсіз ахуалды жақсартуға талпыныс жасап, ондағы мәселелердің бірыңғай шешімін табуға жұмыла әрекет етуде. Бұл орайда гуманитарлық көмек аздық етеді. Инфроқұрылымдық жобалар жүзеге асырылуы тиіс. Халықаралық сарапшылар бұл тұжырымның өте орындылығын айады. Бұл орайда ұдайы тоқ болу үшін аш адамға балықтан көрі қармақ ұсынған тиімдірек деген өмірлік қағида бар. 

ДИМОСТЕНИС ДИМОПУЛОС, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАТЫНАСТАР БОЙЫНША САРАПШЫ:

 - Ауғанстан экономикалық тұрғыда транзиттік, сауда торабы ретінде Орталық Азияның ажырамас бөлігіне айналды. Егер бұл елде жағдай жақсармайтын болса, онда көрші мемлекеттердің де тұрақты даму көрсеткіштері тежеліп, аймақта қауіпсіздік орнамайды.                                                  

Ауғанстанды қауіп-қатердің ошағынан бұрын, әлеуеті барынша ашылмаған стратегиялық  әріптес ретінде қабылдау қажет. Бұндай көзқарастың тиімділігі артып, өз жемісін бере түсетін болады, дейді мамандар. Осыны негізге алған Қазақстан ауған студенттерін оқытудың арнайы бағдарламасын құрып, ондағы аса маңызды  әлеуметтік  жобаларды жүзеге асыруға атсалысып жүр. Өзбекстан электр энергиясын, ал Түрікменстан газ жеткізуді қолға алды. Сондай-ақ елдер арасында тікелей әуе және темір жол қатынасы орнатылған.  

Авторы: Жеңіс Ермұқанов 

Фото: topwar.ru