Халықаралық жеке құқық бойынша Гаага конференциясының «Антенна» өңірлік өкілдігі ашылды

«Астана» қаржы орталығында Халықаралық жеке құқық бойынша Гаага конференциясының өңірлік өкілдігі ашылды. Бұл – халықаралық жеке құқықтың нормаларын біртіндеп біріздендіруге көмектесу мақсатымен құрылған ұйым. Оған әлемнің 82 елі кіреді. Ал Қазақстан 2017 жылы мүшесі атанды.

Атап өтерлігі, бүгінде біздің еліміз азаматтық-құқықтық мәселелерге және сот төрелігіне қол жеткізуге қатысты Гаага конференциясының 41 Конвенциясының тоғызын ратификациялады. Елордадағы өкілдік Қазақстанның құқықтық жүйесін одан әрі дамытуға, халықаралық жеке құқық саласында бірлескен зерттеулер жүргізуге мүмкіндік береді.

КРИСТОФ БЕРНАСКОНИ, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖЕКЕ ҚҰҚЫҚ БОЙЫНША ГААГА КОНФЕРЕНЦИЯСЫНЫҢ БАС ХАТШЫСЫ:

– Бұл өкілдік ұйымның Орталық Азия бойынша миссиясын іске асыруға арналған. Біз Қазақстан үкіметіне және Қазақстанның тәжірибесіне сенім арта алатындығымызға өте қуаныштымыз. Болашақта Орталық Азиядағы қызметімізді кеңейтуге үміттенеміз. Қазіргі таңда біздің ұйымның мүшесі бола алатын елдердің бірі - Өзбекстан. Жақын арада Өзбекстан біздің ұйымның мүшесі болатынына сенемін. Орталық Азияның қалған үш елі Тәжікстан, Түркменстан және Қырғызстан елдерінде мен жеке сапармен болып қайттым. Бүгінде аталған елдермен де  осы бағытта келіссөздер жүргізіп жатырмыз және Моңғолиямен де байланыс орнатуға ниеттіміз.

Авторы: Ақзер Сегізбаева

Фото: wernersobek.de