Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мюнхенге сапары туралы сарапшылар пікірі

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мюнхенге сапары туралы сарапшылар пікірі

Қауіпсіздік жөніндегі Мюнхен конференциясында Қасым-Жомарт Тоқаев сөйлеген сөзінде маңызды тақырыптардың басын қайырды,- дейді сарапшылар. Жарты ғасырлық тарихы бар ең беделді саммитте бірінші рет Орталық Азия туралы панельдік пікірталас ұйымдастырылып, онда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бас спикер болды. Бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға басымдық беріп келе жатқан еліміз сыртқы саясатта да тепе-теңдікті сақтай алды.

Атап айтқанда, республика үшін Ауғанстан да сенімді одақтасқа айналды. Панельдік дискуссияның екінші спикері осы елдің басшысы Мохаммед Ашраф Ғани болғанын айта кету керек.

Сонымен қатар Қазақстан үшін шетелдік инвестицияларды көптеп тарту және аймақ экономикаларының өсімі басымдықты бағыттар болып табылады.

ЕРЛАН ҚАРИН, ҚР ПРЕЗИДЕНТІНІҢ КЕҢЕСШІСІ:

 - Мюнхендегі қауіпсіздік конференциясында алғаш рет әр түрлі маңызды тақырыптар көтерілді. Сонымен қатар Орталық Азия аймағының даму болашағы туралы іргелі ойлар айтылды. Тұтастай алғанда, бұл талқылау аймаққа қызығушылықты арттыруға және инвестиция тартуға ықпал етеді.

РИЧАРД ХААС, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАТЫНАСТАР КЕҢЕСІНІҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Қасым-Жомарт Кемелұлының ұстанымы бүгінгі панельдік пікірталастың тақырыбына толық сәйкес келді. Осының негізі ретінде өңірлік өзара қарым-қатынасқа толық баға берілді. Президент мырза Орталық Азия өңірінің экономикалық әрі саяси дамуындағы Қазақстанның рөлі туралы атап өтті. Панельдік пікірталас қатысушыларына әлемдік сахнадағы Қазақстанның бастамалары мен ұстанымын толықтай түсіндірді.

Фото: inform.kz