АҚШ мемлекеттік хатшысы Қазақстанға ресми сапар жасады

Қазақстан мен Америка Құрама Штаттары екіжақты ынтымақтастықты тереңдетуге мүдделі. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізге ресми сапармен келген АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Майкл Помпеомен кездесуінде айтылды. Тараптар сауда, инвестиция, IT-технологиялар, демократиялық құндылықтарды ілгерілету және халықаралық терроризмге қарсы күрес салаларындағы екіжақты байланыстарды тереңдетудің маңыздылығына тоқталды. Мемлекет басшысы Қазақстанда Ауғанстан бойынша арнайы өкіл Лауазымын ашу жөніндегі ниетін жеткізді. Майкл Помпео өз кезегінде еліміздің «Жусан» операциясы аясында Таяу Шығыстағы қақтығыс аймағынан өз азаматтарымызды қайтару шараларын жоғары бағалады. Ол еліміздің Ауғанстанда бейбітшілік орнатуға, экономика мен адами капиталды жақсартуға қосқан үлесіне тоқталды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

-  Екі елдің арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағалы біз көптеген жетістіктерге жеттік. АҚШ – Қазақстанның тәуелсіздігін алғаш болып мойындаған елдердің бірі. Бұл тарихи деректі ешқашан ұмытпаймыз. Өзара әріптестігіміз қос тарапқа да тиімді. Әсіресе, ядролық қаруды таратпау, терроризмге қарсы күрес, экономикалық ынтымақтастық бағытында бірлесіп атқарған жұмыстарымыз нәтижелі. Дегенмен, шешімі табылуы тиіс мәселелер бар. Сондықтан әріптестігімізді жалғастырамыз. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Президент Трамп мырзаға өзімнің ыстық ықыласымды жолдағым келеді. Мен онымен Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының сессиясы алаңында кездескен едім. Алдағы уақытта тағы бір жолығуды асыға күтіп жүрмін.

МАЙКЛ ПОМПЕО, АҚШ МЕМЛЕКЕТТІК ХАТШЫСЫ:

-  Екі елдің арасында орнатылып жатқан әріптестіктің жаңа бағыттарын толық қолдаймыз. Біз сіздермен Ауғанстандағы қауіпсіздікті қорғау мақсатында берік ынтымақтастық орнаттық. Біздің экономикалық байланыстарымыз өте жақсы. Екі ел арасында тікелей әуе қатынасын ашу мүмкіндігі қарастырылуда. Энергетикалық бағыттағы ынтымақтастықтан бөлек, басқа да салалардағы байланыстарды өркендету үшін әлеуетіміз зор. Президент Дональд Трамп сізге сәлем жолдады.

Фото: akorda.kz