Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы ынтымақтастық артты

Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы ынтымақтастық артты

Еуроодақ – Қазақстанның басты сауда және инвестициялық серіктесі, оның үлесіне сыртқы сауда айналымы мен елімізге құйылған инвестициялар мөлшерінің жартысы тиіп тұр. Жақында Брюссельде өткен «Қазақстан-Еуроодақ» ынтымақтастық Кеңесінің 17-отырысында Еуроодақ Қазақстанмен кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы Келісімді ратификациялады.

Тараптар халықаралық және аймақтық қауіпсіздік, сауда мен инвестициялар, инфрақұрылым мен инновациялар, мәдени және гуманитарлық байланыстарды дамытуды қамтамасыз ететін Келісімнің барлық тараптарын жүзеге асыруға дайын екендіктерін білдірді.

МҰХТАР ТІЛЕУБЕРДІ, ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІ:

 - Келісім тез арада күшіне енеді деп ойлаймыз. Нақты айтқанда 1-наурызда деген үмітім бар. Оны жүзеге асыру табысты әрі өзара тиімді ынтымақтастығымызды дамытуға көп мүмкіндіктерді ашпақ.

Мұхтар Тілеуберді және Еуроодақтың сыртқы істер мен қауіпсіздік саясаты бойынша Жоғарғы өкілі Жозеп Боррел арасында өткен кездесуде жан-жақты ынтымақтастықты ұлғайту талқыға салынды. Басқосу барысында әлемдегі жағдай, Орталық Азия бойынша Еуроодақтың жаңа Стратегиясын жүзеге асыру және Қасым-Жомарт Тоқаевтың Брюссельге ресми сапарына дайындық тақырыптары қозғалды.

ГОРДАН ГРЛИЧ РАДМАН, ХОРВАТИЯ СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІ:

 - Біз өте мазмұнды кездесу өткізіп, көптеген өзекті мәселелер бойынша пікір алмастық. Ақпан айының ортасында Президент Тоқаевтың Еуроодаққа алғашқы ресми сапарымен келуін күтеміз. Біздің екіжақты ынтымақтастығымыз кеңейтілген серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісім бойынша тұрақты дамуда. Оны толық ратификациялау өзара іс-қимылды нығайтудың басымдығы болды.

Еуроодақ Қазақстанның бейбітшілікті, аймақтық тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі жұмысына жоғары баға берді.

Фото: inform.kz