Еуроодақ ядролық келісімді сақтап қалуды қолдайды

Иранның ядролық бағдарламасына қатысты келісімнің күшін сақтап қалу үшін Еуроодақ қолдан келгеннің бәрін жасайды. Бұл туралы Брюссельде өткен баспасөз мәслихатында Еурокомиссия өкілі Дана Спинан мәлімдеді.

Айта кетейік, ертең, 10-шы қаңтар күні Еуроодақтың сыртқы істер министрлері шұғыл отырыс өткізіп, Иран төңірегінде қалыптасқан ахуалды талқылайды.

Жуырда ғана Еуропалық одақ дипломатиясының басшысы Жозеп Боррель Иранның ядролық бағдарламасы бойынша жан-жақты қамтылған бірлескен іс-қимылдар жоспары өте маңызды екенін айтқан еді.

Осыған байланысты ол Иранның сыртқы істер министрі Джавад Зарифті Брюссельге шақырған болатын.

ДАНА СПИНАН, ЕУРОКОМИССИЯ ӨКІЛІ:

 - Еуроодақ дипломатиясының басшысы Жозеп Боррель айтқандай, біз Жан-жақты қамтылған бірлескен іс-қимылдар жоспары шарттарының орындалуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға дайынбыз. Жақын күндері барлық күш шиеленісті реттеуге жұмсалады.

Фото: focus.ua