ҚР Президенті Таяу Шығыстағы мекемелердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тапсырды

Ақордада Таяу Шығыстағы жағдайдың күрт шиеленесу мәселесі талқыланды. Мемлекет басшысы Президент Әкімшілігі, күш құрылымдары мен министрлер кабинеті өкілдерінің қатысуымен кеңес өткізді.

Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді мен басқа да мемлекеттік органдардың басшылары Таяу Шығыстағы қазіргі ахуал туралы баяндады. Қазақстан Президенті Парсы шығанағы аймағындағы ахуалдың күрт шиеленісуіне алаңдаушылық білдіріп, аталған іс-қимылдарға қатысушы тараптардың барынша ұстамдылық танытуы қажеттігін айтып, қақтығыстарды дипломатиялық әдіс-тәсілдермен, ең алдымен, бұл іске БҰҰ араластыра отырып, сондай-ақ екіжақты байланыстар мен келіссөздер арқылы реттеу мүмкін екенін атап өтті.

Кеңес қорытындысы бойынша, Мемлекет басшысы Қазақстанның Таяу Шығыстағы елшіліктері мен ондағы қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді, еліміздегі шетелдік дипломатиялық өкілдіктер мен компаниялар кеңселерінің қауіпсіздігін сақтау үшін шаралар қабылдауды тапсырды.

Ақорда сайтының хабарлауынша, Қазақстанның қорғаныс әлеуетін күшейту мәселесіне ерекше көңіл бөлінеді.

Фото: akorda.kz