Қазақстанның әлемдік аренадағы орны: 2019 жыл қорытындысы

2019 жылы Қазақстан әлемдік саясаттың беделді және толыққанды қатысушысы ретіндегі ұстанымын тағы бір мәрте растады. Бұған республикада Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев белгілеген бағыт,  елімізде кезектен тыс президенттік сайлаудың өткізілуі, сондай-ақ Қазақстанда жүзеге асырылған тың бастамалар мен ауқымды іс-шаралар дәлел, деп хабарлайды Kazakh TV арнасы.

ПАН ГИ МУН, БҰҰ БАС ХАТШЫСЫ /2007-2016/:

 - Нұрсұлтан Назарбаев мемлекетті басқарған кезде өз елімен қатар бүкіл дүниедегі бейбітшілік пен тұрақты дамуды ілгерілетті. Әлемдегі ең ұлы көшбасшылар қатарына енгені анық. Аймақтағы бейбітшілік пен қауіпсіздік жөнінде және өзге де жаһандық мәселелер бойынша маған кеңес қажет болғанда, үнемі онымен ақылдасып жүретінмін.

МАЙКЛ ГИФФОРД, ҰЛЫБРИТАНИЯНЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЕЛШІСІ:

 - Жаңа президент кезінде сыртқы саясат пен экономикалық стратегияны құруда сабақтастық пен бірізділік сақталып, екі елдің сауда-экономикалық қатынастары дами түседі деп ойлаймын. Бұл өте маңызды.

Өткен жылы республика ірі халықаралық диалог алаң ретінде өзінің тиімділігін тағы да дәлелдеді. Сирия мәселесін реттеу бойынша келіссөздердің үш раунды да  ел астанасы Нұр-Сұлтанда өтті.

Сондай-ақ биыл Қазақстан бұрын-соңды болмаған «Жусан» гуманитарлық операциясын өткізді. Оның аясында Сириядан 600-ден астам адам отанына оралды. Таяу Шығыстағы әскери іс-қимылдар аймағынан азаматтарды елге қайтару және қоғамға қайта интеграциялау бойынша Қазақстанның тәжірибесі әлем бойынша жоғары бағаланды.

ГУНИЛЛА ВОН ХАЛЛ, ЖУРНАЛИСТ /ШВЕЦИЯ/:

 - Қазақстанның бұл тәжірибесіне өзге елдер зор қызығушылық танытып отыр. Еуроодаққа мүше мемлекеттердің көбі дау-дамай орын алған аймақтардағы өз азаматтарын қайтармайды, ал Қазақстан, керісінше жасауда. Бұл – өте жақсы оңалту бағдарламасы, қайырымдылық шара. Мен осы жайлы жазып, бұл идеяны батыс еуропалық мемлекеттерге көрсетпекпін. Азаматтарды үйлеріне қайтару – бұл игі шара, себебі жағдай ушығып кетуі мүмкін.

Қазақстан халықаралық ұйымдардың белсенді мүшесі болып қала бермек. Еліміз аймақтық және жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған бастамаларды ілгерілетуге және қолдауға әрқашан да дайын.

Фото: elitar.kz