ЕО Орталық Азияда үш бағдарламаны іске асырады

Еуропалық одақ жалпы құны 28 миллион еуроны құрайтын Орталық Азияны өркендетуге бағытталған үш бірдей  кешенді бағдарламаны жүзеге асырады. Тиісті құжатқа Елордада «Аймақтық интеграцияны жетілдіру» тақырыбында өткен конференция барысында қол қойылды.

Жоба Орталық Азия өңірінің қарқынды экономикалық өсімін қамтамасыз ететін сауда, инвестиция тарту және заң үстемдігін күшейтуге басымдық беруді көздейді.

Сарапшылардың пікірінше, жаңа бағдарлама Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан мемлекеттерінің өзара ынтымақтастығын дамыту арқылы жалпы аймақтың әлеуетін жетілдіру үшін қолға алынып отыр.  

СВЕН-ОЛОВ КАРЛССОН, ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЕО ЕЛШІСІ:

- Біз жалпы аймақтың қарқынды экономикалық өсіміне өз үлесімізді қосқымыз келеді. Бұған жаңа жұмыс орындарын ашу,  экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының  мақсатты индекаторларына жету сынды басымдықтар арқылы қол жеткізуді көздеп отырмыз. Өйткені осы арқылы іскерлік ахуалды одан әрі жақсартуға болады. Біз халық санының өсіп, нарықтың артуына мүдделік танытып отырмыз. Орталық Азия инвестиция құюға тартымды  аймақ. Себебі, географиялық тұрғыдан алып қағанның өзінде Еуразия құрлығының қақ ортасында орналасқан.

Бұл орайда айта кетерлік жайт, Еуропалық Одақ үстіміздегі жылы Орталық Азия бойынша жаңа стратегияны қабылдады. Құжаттың көздеген мақсаты - аймақтағы тұрақты даму, экономикалық өсім мен өңір халқынын әлеуметтік жағдайын жақсартуды қамтамасыз ету.

Автор: Жеңіс Ермұқанов

Фото: inform.kz