Елордада халықаралық парламенттік конференция өтті

Келер жылы елімізде президенттік басқару институтының құрылғанына отыз жыл толады. Осы уақыт ішінде Қазақстан Орталық Азия аймағының саяси, экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан дамыған көшбасшы мемлекетіне айналды. Бұл Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы, Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегінің жемісі.

Елордада бас қосқан кезекті «Президенттік институт: Қазақстандық модель» атты халықаралық парламенттік конференцияға қатысушылардың жалпы пікірі осыған саяды. Дәстүрлі жиынға ел депутаттары , Әзербайжан, Болгария, Түркия, Татарстан, Қырғызстан, Моңғолия, Сербия, Франция парламентінің өкілдері қатысты.

Сондай-ақ, шараға АҚШ пен Швециядан шетелдік сарапшылар шақырылды. Беделді халықаралық ұйым өкілдері келді. Шетелдік қонақтар Қазақстанның өзгеге үлгі болған жаһандық бастамалары мен сыртқы саясатын ерекше атап өтті.

ФАРИД МҰХАМЕТШИН, ТАТАРСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ МЕМЛЕКЕТТІК КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

- Нұрсұлтан Әбішұлының бастамаларын бізде өз елімізде кәдеге жаратып жатырмыз. Елбасының бастамасымен қолға алынған Қазақстан Халқы Ассамблеясы жобасы Татарстанда да құрылды. Ұлтаралық келісімнің діңгегіне айналған әлеуметтік институт барша әлемге үлгі болды. Біздің мемлекетіміздің де аумағын көп ұлттар мекендейді. Түрлі халықтардың тілі мен дінін, салты мен мәдениетін жаңғыртып, бірлігін жарастыру қамындағы бірегей қазақстандық модельді ел бойынша ендіруге кірістік. Қазақстанның бейбіт әлем құру бойынша қолға алынған жаһандық бастамаларын да барынша қолдаймыз.

ВЕСЕЛИН МАРЕШКИ, БОЛГАРИЯ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ХАЛЫҚ ЖИНАЛЫСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- Қазақстан еуропалық одақтағы Болгария елінің Орталық Азия өңіріндегі ең маңызды әріптесі болып табылады. Еуропа мемлекеттері арасында алғашқылардың бірі болып Қазақстан үкіметімен ынтымақтастық жөнідегі меморандумға қол қойдық. Сол байланысымыз үзілмей, жыл санап дамып келеді. Екі жақты тиімді қарым-қатынас орнатуда Нұрсұлтан Назарбаевтың сіңірген еңбегі мол болды. Бүгінде сол бастамалар мемлекеттің жаңа басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мырзаның жетекшілігімен жалғасын тауып, сәтті жүзеге асырылып жатыр.

Автор: Жеңіс Ермұқанов

Фото: shn.tatarstan.ru