Қазақстан-Армения ынтымағы кеңейе түспек

 

Нұр-Сұлтан және Ереван ықпалдастық бағыттарын кеңейте түспек. Сарапшылар екі ел ынтымақтастығының әлеуеті мол бағыттарына ІТ-сала, сауда, бірлескен өндірістер құруды жатқызып отыр.

Жаңа кәсіпорындарды іске қосу үшін армениялық тарап Иранмен шекарада орналасқан «Мегри» еркін экономикалық аймағының мүмкіндіктерін пайдалануды ұсынады.

Өз кезегінде, дипломаттар өзара тиімді әріптестікті бағыт еткен қос мемлекет тұрақты диалог пен ықпалдастыққа баса мән беретінін атап көрсетеді.

ТИМУР УРАЗАЕВ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ АРМЕНИЯДАҒЫ ТӨТЕНШЕ ЖӘНЕ ӨКІЛЕТТІ ЕЛШІСІ:

- Ұлттар Ұйымы, Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымы сынды халықаралық ұйымдарды айтпағанның өзінде, Армения – Еуразия экономикалық одақ, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы бойынша жақын әріптесіміз. Бір бірлестікке мүше болғандықтан, әлемде, қоғамда болып жатқан процестерге деген көзқарастарымыз жақын болуы тиіс. Сонда ғана армян және қазақстан қоғамы тарапынан объективті бағалау алуға болады.

Саясаттанушы Джонни Меликянның айтуынша, Қазақстан саяси және экономикалық реформаларға басымдық бере отырып, ел билігі қоғаммен ашық диалогқа дайын екенін, мықты мемлекет құру стратегиясын ұстанатынын көрсетіп отыр.

Осы жағдайлардың барлығы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында көрініс тапқан. Маңызды интеграциялық бірлестіктер бойынша одақтас мемлекеттің мұндай талдауы ерекше мәнге ие, дейді сарапшылар.

ДЖОННИ МЕЛИКЯН, САЯСИ ЖӘНЕ ҚҰҚЫҚТЫҚ ЗЕРТТЕУЛЕР ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

- Армения Еуразиялық экономикалық одақ құрамына өткен соң Қазақстанмен экономикалық қатынастарымыз тереңдеп, өзара сауда-саттық ұлғая түскенін бәріміз көріп отырмыз. Яғни, өзара қарым-қатынастарымызда оң өзгерістер бар. Қазақстан Президентінің жоспарланған ресми сапары да мемлекетаралық байланыстарды  жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік берері анық. Сондай-ақ, күн тәртібіне әлеуеті мол бағыттар бойынша ынтымақтастық аясын кеңейтуді енгізу керек.

Фото: 24.kz