Ив Летерм: Үлкен Еуразия – экономикалық өсімнің үлкен мүмкіндіктерін ашатын құрлық

«Үлкен Еуразия» - экономикалық өсімнің үлкен мүмкіндіктерін ашатын құрлық. Бұл – «Астана Клубының» V отырысына қатысқан Бельгияның экс-премьер министрі Ив Летермнің пікірі, деп хабарлайды Kazakh TV арнасының тілшісі. 

Оның айтуынша, халықаралық дисскуссия алаңының биылғы қозғаған тақырыбы аса өзекті. Саясаткер заман ағымына сай экономика құрылымын қайта жаңғырту кез келген мемлекеттің әлемдік деңгейде бәсекеге қабілеттілігін артыратынына сенімді. Жаһандық көштен қалмас үшін адами капиталды арттыруға күш салу қажет.

Сондай-ақ жұмыспен қамту сынды әлеуметтік бастамалардың әлеуетін барынша кәдеге жаратқан жөн. Бұл орайда Еуразия кеңістігіндегі Қазақстан өзгеге үлгі, дейді саясаткер.

Оның пікірінше, дер кезінде қолға алынған реформалар елдің ішкі жалпы өнімі мен әлеуметтік-экономикалық өсімнің қарқынын үдете түскен.

ИВ ЛЕТЕРМ, БЕЛЬГИЯНЫҢ ЭКС-ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

 - Егер де Қазақстанның дамуына көз жүгіртсек, соңғы жылдары елдің экономикасы қарқынды түрде өсіп келетінін байқаймыз. Сәйкесінше, азаматтардың да табысы артып келеді. Әрине, жетілдіруді күтіп тұрған мәселелер бар. Дей тұра, Қазақстан кірісі орта және жоғары мемлекеттердің өкшесіне басып келетінін ерекше атап өтер едім. Алдағы он жылдар ішінде әлеуметтік-экономикалық салалары дамыған әлемнің аса қуатты мемлекеттерінің  біріне айналатынына кәміл сенімдімін. Қазіргі таңда ел алдында жаңа экономиканың сын-тегеуіріндеріне төтеп беріп, табиғи ресурстарға тәуелділікті азайту мәселелері тұр. 

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

Фото: inform.kz