Швейцария Президенті Ули Маурер Қазақстанға келеді

21 қарашада мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Швейцария президенті Ули Маурер Қазақстанға ресми сапармен келеді.

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, швейцариялық делегацияның құрамында бизнес өкілдері де болады.

22 қарашада мемлекет басшылары «Ақорда» резиденциясында шағын және кеңейтілген құрамда келіссөздер өткізеді деп жоспарланған. Келіссөздер барысында саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық және гуманитарлық салалар бойынша екіжақты ынтымақтастықтың ахуалы мен перспективалары талқыланады.

Сапар аясында Ули Маурер Қазақстан үкіметінің басшылығымен кездеседі және екі елдің іскерлік топтарының қатысуымен өтетін «дөңгелек үстелде» сөз сөйлейді.

Айта кетейік, 2018 жылдың қорытындысы бойынша, екі елдің өзара сауда айналымы 3 млрд доллардан асқан. Ал соңғы 14 жылда Швейцария Қазақстанға 47,5 млрд доллар инвестиция құйған болатын.

Фото: tengrinews.kz