Қазақстанға ресми сапармен Беларусь Президенті келді

Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Беларусь Президенті Александр Лукашенко кеңейтілген құрамда кездесу өткізіп жатыр.

Мәртебелі мейманды құрметті күзетші қарсы алды. Ресми рәсім кезінде Ұлттық ұлан оркестрі Қазақстан Республикасының және Беларусь Республикасының әнұрандарын орындады.

Айта кетейік, Беларусь Президенті Александр Лукашенко Қазақстанның елордасында екі күндік ресми сапарымен жүр. Александр Лукашенконың елімізге сапары Отан қорғаушылар ескерткішіне, Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қоюдан басталды.

Ал бүгінгі келіссөздер шағын және кеңейтілген құрамда өтіп жатыр. Кездесу барысында өнеркәсіп кооперациясын кеңейту, экономиканың түрлі салаларында ынтымақтастық құру перспективаларын қарастыру жоспарлануда.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Беларусь делегациясының келгеніне біз өте қуаныштымыз, бізді дәстүрлі достық, ынтымақтастық байланыстырады, біздің халықтар бір-бірімен тыңыз байланыста. Бұның барлығы тарихта да көрсетілген. Сондықтан Беларусь Республикасының құрметті Президенті Александр Григорьевич Лукашенко бастаған бұл сапар біздің мемлекеттеріміз арасындағы ынтымақтастықтың барлық мәселелерін талқылауға жақсы мүмкіндік болып табылады және қажет болған жағдайда оларға қосымша серпін береді. шағын құрамда келіссөздер жүргізіп, негізгі мәселелерді талқыладық. Ең жақын мемлекеттердің өзара қарым-қатынасында талқылауды, нақтылауды және оны шешуді қажет ететін кейбір мәселелер туындайды. Менің ойымша, басталған келіссөздер нәтижесінде өте маңызды келісімдерге қол жеткіземіз және олардың барлығы жақын арада жүзеге асырылады.

Сондықтан бүгін қол қойылатын келісімдер мен бірлескен мәлімдеме мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты ілгерілетуде алға жасалған өте маңызды қадам болып саналады.

Фото: tengrinews.kz