Қ. Тоқаев Ашхабадта ТМД мемлекет басшылары кеңесінің кезекті отырысына қатысуда

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ашхабадта ТМД мемлекет басшылары кеңесінің кезекті отырысына қатысуда.

Халықаралық жиынға 10 республиканың басшылары жиналды. Тар құрамдағы кездесуде Қазақстан Президенті елдердің өзара тиімді байланыстарын дамыту бойынша өз ұсыныстарын жариялады. Атап айтқанда, Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіз мемлекеттер достастығына қатысушы елдер алдында тұрған басымдықты міндет ретінде сауда-экономикалық қатынастарды кеңейтуді атап өтті.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Достастықтың алдында өзгермелі замандағы жаңа жағдайларға бейімделу міндеті тұр. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен ТМД-ны құрылымдық модернизациялау басталғанын білесіздер. Достастықтың одан ары дамуы Тұжырымдамасы мен экономикалық даму стратегиясын өзектендіру жұмыстары қолға алынды. Бұл жұмыстар жалғасын табады.

Сондай-ақ мемлекет басшысы ұсынған бастамалардың қатарында электрондық төлемдердің үлесін арттыру, қызметтердің еркін саудасын дамыту бар. Оған қоса, Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД елдерінің аумағында «Достастық визасы» деген атаумен бірыңғай режим енгізу мәселесін қарастыруды ұсынды. Ол Шенген визасы сияқты шетелдік азаматтарға ТМД елдерін бір құжатпен аралауға мүмкіндік бермек.

Фото: Хабар 24