Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Арменияға барды

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Арменияда жүр. Мемлекет басшысы Ереванда Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кезекті отырысына қатысуда. Оның аясында бірқатар екіжақты кездесулер өткізді. Атап айтқанда, Армения премьер-министрі Никол Пашинянмен қос мемлекеттің сауда-экономикалық байланыстарын тереңдету жайы талқыланды. 2018 жылдың қорытындысы бойынша, елдер арасындағы тауар айналымы 13 млн долларды құраған.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Біздің елдер арасындағы екіжақты қатынастар үлкен маңызға ие. Мемлекеттер арасындағы байланысты бекемдей түсуге қос тарап та мүдделі болғанмен, кеңірек араласуға  кедергілер де жоқ емес. Әсіресе, сауда-экономикалық серіктестікте ол айқын байқалады. Сондықтан осы бағытта үкіметаралық комиссиясының және өзге де тетіктердің жұмысын күшейте түскен дұрыс.

НИКОЛ ПАШИНЯН, АРМЕНИЯ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

- Соңғы жылдары елдеріміздің сауда-экономикалық қатынастары қарқынды түрде дамып келеді. Алайда әлеует одан да артық. Оны толыққанды жүзеге асыру үшін қос тараптан жұмыс жүргізу маңызды. Осы ретте Қазақстан мен Армения бизнесі үшін Еуразиялық экономикалық одақ тың мүмкіндіктер ашады. Ынтымақтастықты тереңдетуге барынша қолдау көрсетеміз.

Сондай-ақ Қазақстан Президенті Сингапур Премьер-министрі Ли Сянь Лунмен кездесті. Тараптар екіжақты серіктесіктің қазіргі жағдайын талқылап, оны кеңейте түсуге уағдаласты. Ал Иран Ислам Республикасының Президенті Хасан Руханимен жүздесуде Қасым-Жомарт Тоқаев ынтымақтастықты тереңдету, сауда-экономикалық байланыстарды дамыту мәселелерін талқылады. Тараптар бірлескен жобаларды іске асырудың маңыздылығына тоқталды.

Фото: Акорда