Арменияда Қазақстанның тұңғыш құрметті консулдығы ашылды

Арменияда Қазақстанның тұңғыш құрметті консулдығы ашылды. Мекеме екі ел арасында іскерлік және мәдени ынтымақтастықты нығайту бағытында қызмет етпек. Өткен жылы мемлекеттердің тауар айналымы 13 миллион долларды құраған. Алайда қос ел өкілдері бұл көрсеткішті еселеуге әлеует мол деген пікірде.

ТИМУР ОРАЗАЕВ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ АРМЕНИЯДАҒЫ ТӨТЕНШЕ ЖӘНЕ ӨКІЛЕТТІ ЕЛШІСІ:

 - Басты міндетіміз екі ел арасындағы тауар айналымын арттыру ғана емес, ең алдымен шағын бизнестің дамуына жақсы жағдай жасап, сыртқы байланыстарды кеңейту, Қазақстан мен Арменияның іскер қауымында серіктестер табу болып отыр.

Құрметті консул міндетін елдегі белгілі кәсіпкер Арам Абраамян атқарады. Ірі кәсіпкер енді екіжақты әріптестікті дамытуға күш салмақ.

АРАМ АБРААМЯН,  ҚАЗАҚСТАННЫҢ АРМЕНИЯДАҒЫ ҚҰРМЕТТІ КОНСУЛЫ:

 - Құрметті консулдық Қазақстан азаматтарына консулдық қызметтердің барлығын көрсетеді. Қажет болған жағдайда түрлі әлеуметтік және басқа да мәселелерді шешуге жәрдем береді. Басты міндетіміз –экономикалық қатынастарды дамыту. Сондай-ақ Армения халқын Қазақстан мәдениетімен таныстырғымыз келеді. Дәл осы мақсатта ақпарат ағынын әртараптандыру үшін Вайоц Дзор аймағында осы консулдық ашылды.

Арам Абраамян Нұр-Сұлтан қаласында өтетін құрметті консулдар съезіне аттанып, одан кейін Қазақстан аймақтарын аралауды көздеп отыр.

Фото: Хабар 24