Қазақстан Президенті Нью-Йоркте ірі компаниялардың өкілдерімен кездесті

Нью-Йоркке сапары аясында Қасым-Жомарт Тоқаев белгілі америкалық саясаткер, «Eurasia Group» зерттеу және консалтингтік компаниясының негізін қалаушы және президенті Ян Бреммермен кездесті. Тараптар Технологиялық дамудағы заманауи трендтерді тілге тиек етті. Президент Ян Бреммерді «Astana Club» халықаралық пікірталас алаңының жұмысына қатысуға шақырды.

Мемлекет басшысының АҚШ-тағы екіжақты кездесулері «Goldman Sachs» президентімен қорытындыланды. Компанияның Қазақстандағы қызметінің негізгі бағыттары, соның ішінде «Астана» халықаралық қаржы орталығының шеңберіндегі ынтымақтастық мәселесі талқыланды. Қасым-Жомарт Тоқаев Дэвид Соломонға еліміздегі кешенді жекешелендіру науқанын іске асыруға қатысқаны, сондай-ақ былтыр Астана биржасының акционері атанғанына алғыс білдірді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

- «Астана» халықаралық қаржы орталығы биржасының қатысушысы болғаныңызға алғыс білдіремін. Сіздің компания біздің елдегі бірқатар жобаларға қызығушылық танытып отырғанынан хабардармын. Мәселен, Қазмұнайгаз, Қазпошта және Самұрық-Энерджи сынды кәсіпорындардың айпиосына қатысуға ниет білдірдіңіздер.

ДЭВИД СОЛОМОН, «GOLDMAN SACHS» КОМПАНИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

- Ұзақмерзімді әріптестік орнатуға мүдделіміз. Өте маңызды жұмыс атқарып жүргендеріңізге куәміз. Осы процеске біз де қосылып кеттік. 2020 жылы айпиоға қатысу жөніндегі жоспарды жүзеге асыруға мүмкіндік туады деген ойдамын.

Фото: Акорда