Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Тұрақты даму мақсаттары форумына қатысты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Америка Құрама Штаттарына сапары барысында Біріккен Ұлттар Ұйымы Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі жоғары деңгейлі форумға қатысты. Президент халықаралық қауымдастық назарын Қазақстанда орын алған соңғы өзгерістерге аударды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

- Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттары аясында халықтың үніне құлақ асатын үкімет тұжырымдамасын іске қостым. Мақсат – билік пен бұқара арасында диалог жүргізу және мемлекеттік саясаттың халық үшін барынша ашық болуын қамтамасыз ету.

Қазақстанда Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі орталығы орналасуы мүмкін. Президент ықпалды құрылымды өңірлік деңгейге көтеріп, Орталық Азияның өзара ықпалдастығын арттыруға себепкер болуға шақырды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

-  Қазақстанда Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ-ның аймақаралық орталығын құруды ұсынамын. Қазір біздің  өңір сауда-экономикалық ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне аяқ басты. Біздің тағдырымыз ортақ. Сондықтан ортақ мәселелер мен қауіп-қатерлерді бірлесе шешуіміз қажет. Сөйтіп, тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл Орталық Азия мен Ауғанстанда тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуді жеделдете аламыз.

Фото: Акорда