Қазақстан Президентінің жаһандық қауіпсіздікті нығайтудағы бастамаларына сарапшылар пікірі

БҰҰ Бас Ассамблеясында сөйлеген сөзінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзекті мәселелерді қозғап, жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған бастамаларын жария етті. Ядролық қарудың таралуына байланысты аймақтық қақтығыстар мен қауіп-қатерлердің ушығуы барша адамзатты алаңдатады, дейді сарапшылар.

ӘСЕЛ НАЗАРБЕТОВА, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ ЖАНЫНДАҒЫ ҚСЗИ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

– Қазақстан ядролық қарудан бас тарта отырып, осы бір жойқын қаруды таратуға қарсы күрес жүргізіп келеді. Ядролық қаруды таратпау саласындағы біржақты саясатымен танылған еліміз онсыз өмір сүруге болатынын өз мысалымен көрсетіп берді. Осылайша ірі державалардың қолдауына ие болды. Бүгінде Қазақстан бейбітсүйгіш саясат жүргізіп отырған мемлекет ретінде жер-жаһанға танылды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 74-ші сессиясының жиынында ядролық қарудан түбегейлі бас тартуды ұсынды. Мемлекет басшысының пікірінше әлемде қарсыластар күшейіп барады. Текетірестер тиылмай тұр. Сондықтан Мемлекет басшысы жұмыр жердің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің тиімді жолын көрсетті.  

АЛМАС АРЗЫҚҰЛОВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ ЖАНЫНДАҒЫ ҚСЗИ АҚПАРАТТЫҚ-ТАЛДАУ ЖҰМЫСЫ БӨЛІМІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Адамзатты қырып-жою құралын жою – жақсы бастама деп ойлаймын. Бұдан басқа Орталық Азияға қатысты Мемлекет басшысы көп айтты. Бұл жерде мысалы Орталық Азия елдерінің өзара ынтымақтастығы, экономикалық мәселелер, климаттық, су мәселесін айтып өтті. Бұл өз шешімін тапса, әрине өз аймағымызда адамдардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасалады.

Фото: Акорда