ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының сессиясында сөз сөйледі

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Йоркте өткен БҰҰ Бас Ассамблеясының 74-ші сессиясы Жалпы дебаттарының ашылуына қатысып, сөз сөйледі. Мемлекет басшысы Ядролық қарудан азат әлем құру еліміздің басты мақсаты болып қала беретінін атап көрсетті. «Бұл қазақ халқының жалпыхалықтық біртұтастығының ажырамас бөлігіне айналып, ядролық қаруды жою жөніндегі жаһандық қозғалыстың алдыңғы шебінде болуға моральдік құқық береді», деді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Біз барлығымыз қауіпсіз болашаққа апаратын жол картасы ретінде Ядролық қарудан азат әлемді құру жөніндегі жалпыға ортақ декларацияны сенімді түрде қолдауымыз керек. Біз ядролық қарудан азат аймақтар арасындағы қарым-қатынастың күшеюіне және сондай жаңа аймақтардың құрылуына ниеттіміз. Қазақстан Иран ядролық бағдарламасы жөнінде бірлескен кешенді іс-қимыл жоспары және Корей түбегін денуклеаризациялау жөніндегі мәселелер тараптардың мүдделері мен пікірлері ескеріле отырып, саяси жолмен шешілуі тиістігіне сенеді.

Президент жаһандық ұйым алаңында маңызды бастамалар көтерді. Мәселен, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі конференцияны толыққанды ұйымға айналдырып, қауіпсіздік пен бейбітшілік мәселелерін бірлесіп талқылауды шақырды. Осы ретте Қазақстанның атқарып жатқан іс-шаралары туралы баяндады.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Мамыр айында мен Қазақстанда халықаралық ұйымдардың жаңа ғимаратын аштым. Онда Біріккен Ұлттар Ұйымының 16 агенттігі бар. Келесі қадам ретінде Орталық Азия мен Ауғанстанға көмек беру мандатымен Біріккен Ұлттар Ұйымының тұрақты даму мақсаттары орталығын осы ғимаратқа орналастыруды ұсынамын.

Бас Ассамблея сессиясына әлемнің 200-дей елінен мемлекет басшылары, үкімет жетекшілері және сыртқы ведомство өкілдері қатысты.

Фото: Акорда