Қ.Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының сессиясы алаңында бірқатар кездесулер өткізді

БҰҰ Бас Ассамблеясының сессиясы алаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар кездесулер өткізді. Швейцария конфедерациясының президенті Ули Маурермен жүздесуде тараптар сауда-экономикалық байланысты тереңдету жайын талқылады. Онда Қазақстанның швейцариялық бизнес қауымдастықпен ынтымақтастықты нығайтуға айрықша мән беретіні атап өтілді. Швейцария тарапы да екіжақты әріптестікті дамытуға мүдделі екенін жеткізді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Швейцария ең ірі сауда-экономикалық серіктестеріміздің бірі. Инвестиция тұрғысынан да сіздер үздіктер тобына кіресіздер. Арада тығыз әріптестік орнатылған. Сізбен Қазақстанда арнайы кездескім келеді. Екіжақтың бизнес қауымдастығымен басқосу ұйымдастыруды ұсынамын.

УЛИ МАУРЕР, ШВЕЙЦАРИЯ КОНФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

-  Әріптестік байланысымызды өте жоғары бағалаймын. Екі тарапқа да оның тиімділігі зор.

Сондай-ақ БҰҰ Бас Ассамблеясының сессиясы алаңында Қазақстан Президенті Болгария, Грузия, Польша және Украина басшыларымен, Иордания королімен келіссөздер жүргізді. Көшбасшылар саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен оны нығайтудың перспективаларын талқылады.

Фото: Акорда