Бундестаг депутаттары Қ.Тоқаевтың «қоғам үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына пікір білдірді

Қазақстан Президенті 100 күн ішінде елдегі демократиялық дамудың жарқын көрінісін паш етті. Бұл Түркия Республикасының Бас Омбудсмені Шереф Малкочтің пікірі. Уәкілдің айтуынша, мемлекет басшысының бастаған реформалары елдегі билік пен қоғам арасындағы диалогты бекемдеп, тұрақтылықты жаңа деңгейге көтереді. Бұл да өз кезегінде, ел экономикасына қысқа уақытта елеулі үлес қосады. Бұдан бөлек, Бас Омбудсмен Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құруы – заман талабына сай жасалған дұрыс шешім» деп атады.

ШЕРЕФ МАЛКОЧ, ТҮРКИЯНЫҢ БАС ОМБУДСМЕНІ:

 - Мемлекеттік органдар мен қызметкерлердің тиімділігін арттыру – халықпен кері байланыс орнатуда ең маңызды фактор. Білікті маман сапалы қызмет көрсетумен қатар, мемлекеттік бюджетті үнемдейді. Мұны Қасым-Жомарт Тоқаев жақсы біледі. Осы себепті алғашқы күннен бастап реформаларды осы бағытқа бұрды. Бұдан бөлек, елде құрылған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі мен митингтер туралы заңнаманы жетілдіру – демократиялық дамудың жарқын көрінісі.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанды даму және реформа жолымен әкеле жатыр, дейді Германия парламентінің депутаттары. Бундестаг өкілдерінің айтуынша, Тоқаев билік басына келгелі әлеуметтік саясатқа көп көңіл бөліп келеді. Бұдан бөлек бизнесті, соның ішінде микрокәсіпкерлікті қолдауды басым міндеттердің қатарына қоюдың маңыздылығын атап өтті. Ал Президент Тоқаевтың «қоғам үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын алдыңғы қатарға қоюы – демократиялық дамудың айқын белгісі дейді.

МАНФРЕД ГРУНД, БУНДЕСТАГ ДЕПУТАТЫ:

 - Президент Тоқаев болашақты бағдарлап, одан әрі даму қажеттігін айтады. Әсіресе халықпен барлық деңгейде диалогты күшейту керек дейді. Бұл өте дұрыс. Шенеуніктер халықты ести білгені жөн. Оның көппартиялықты дамыту мен сот жүйесінде реформалар жүргізу туралы ұсынысы да өте маңызды. Мен бұл демократияны нығайтуға бағыт дер едім.

Фото: Акорда