М. Әшімбаев: Жолдау қазақстандық бизнестің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді

Мемлекет басшысының жолдауы қазақстандық бизнестің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді. Президент көмекшісі Мәулен Әшімбаевтың пікірі осыған саяды.  Оның айтуынша, Шағын және орта бизнес субъектілерін 3 жылға салықтан босату және оларды тексеруге мораторий енгізу сияқты шаралар кәсіпкерлікті дамытуда маңызды рөл атқарады.

МӘУЛЕН ӘШІМБАЕВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТІНІҢ КӨМЕКШІСІ:

 - Қасым-Жомарт Кемелұлы өз жолдауында бүгінгі таңда кәсіпкерлерге қатысты маңызды тақырыптардың бірін көтерді. Әсіресе, экономикаға несие беру мәселесі. Соңғы жылдары заңды тұлғаларға несие беру азайған. Несиесіз экономика дами алмайды. Сондықтан бұл мәселені шешу және кәсіпкерлерге қолжетімді және ұзақмерзімді несиелер беру жөнінде Ұлттық банкке, Үкіметке тиісті тапсырмалар жүктелді. Жалпы бизнесті қолдау тұрғысынан бұл Жолдауда көптеген жаңалықтар бар деп санаймын.

Президенттің кеңесшісі Ерлан Қариннің айтуынша, Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауы бүкіл қоғам үшін алдағы кезеңге арналған даму мақсаттары мен міндеттерін айқындап берді.

ЕРЛАН ҚАРИН, ҚР ПРЕЗИДЕНТІНІҢ КЕҢЕСШІСІ:

 - Жолдау – бұл атқарушы билік органдарына нақты ұстаным, бағыт-бағдар, осындай мәселелермен айналысу керек, осындай мәселелерді шешу керек деген бағытта. Ал ол мәселелерді шешу үшін айтылған, бекітілген мақсат-міндеттермен айналысу үшін оған тиісті қаржылық немесе құқықтық қолдау қажет болады. Бұл Үкіметке Президенттің Жолдауында айтылған жаңа міндеттерді орындауды бірден қаржылық тұрғысынан алдын-ала жоспарлауға мүмкіндік береді. Және де депутаттарға да өздерінің заң жобаларын дайындау барысында осының барлығын ескеріп, айтылған ұсыныстарды белгілі бір заң жобаларына өзгерісті талқылау барысында ескеруге мүмкіндік береді.

Фото: Хабар 24