29 тамыз – Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні

29 тамызда Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні атап өтіледі. Бұл датаны 2009 жылы Қазақстанның бастамасымен Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы бекіткен. Осыдан 28 жыл бұрын осы күні Республиканың Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен Семей сынақ полигоны ресми түрді жабылды. Осылайша, егемен еліміз қуаты бойынша әлемдегі 4-ші зымырандық-ядролық әлеуеттен бас тартты.  

Бүгінде Қазақстан – бүкіләлемдік антиядролық қозғалыс көшбасшыларының бірі. Еліміз ядролық қаруға қарсы дүниежүзілік қозғалысты бастап, ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы келісімнің күшіне енуі үшін «АТОМ» халықаралық жобасын жүзеге асыруда. Ядролық сынақтардан мүлдем бас тарту туралы онлайн-петицияға әлемнің кез келген нүктесіндегі әр адам қол қоя алады. Сонымен бірге көрші мемлекеттермен бірлесіп, Орталық Азияда ядролық қарудан ада аймақ құру туралы бастамасының маңызы зор. Бұған қоса, 2015 жылдың желтоқсан айында Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы қабылдаған Ядролық қарудан азат әлем құру туралы жалпыға ортақ декларацияның бастамашысы және авторларының бірі атанды.

Фото: dailytimes.com.pk