Қазақстан мен Үндістан арасындағы тауар айналымы 1 млрд доллардан асты

Қазақстан мен Үндістан ынтымақтастығы табысты дамып келеді. Осы елдің Елшісі Прабхат Кумардың айтуынша, соңғы жылдары екі ел қарым-қатынасының көкжиегі кеңейген. Былтырдың өзінде мемлекеттер арасындағы тауар айналымы 1 млрд доллардан асқан. Бұл 2017 жылға қарағанда 25%-ға артық, - деп хабарлайды Kazakh TV арнасының тілшісі.

ПРАБХАТ КУМАР, ҮНДІСТАННЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЕЛШІСІ:

- Үндістан Қазақстанға инвестиция салады, Үндістанға да қазақстандық инвестициялар түседі. Біз үшін энергетика, мұнай өнімдері, сондай-ақ органикалық өнім өндіру сияқты салалар қызықты. Бұдан басқа, Үндістан мен Қазақстан арасында логистикалық және көліктік инфрақұрылымды жолға қою бойынша жұмыс жүргізілуде.

Екі ел арасында саяси ынтымақтастық да дамып келеді. Дипломаттың айтуынша, Қазақстан Тәуелсіздігін жариялаған кезде Үндістан республика егемендігін таныған алғашқы елдердің қатарында болған. Үнді премьер-министрлерінің барлығы Қазақстанға келген. Ал Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Делиге бірнеше мәрте ресми сапарлар жасады. Екі елдің білім беру саласындағы ынтымақтастығы да жемісті. Үндістан тарапы қазақстандықтарға білім гранттарын қарастырса, олардың жастары үшін де бізде мамандық алуға мүмкіндік бар.

Мәдени ынтымақтастық та өрлеуде. Мысалы, елордада йога, би, музыка және хинди сабақтарын ұсынатын орталықтары жұмыс істейді. Ал Үндістанның тәуелсіздік күнін мерекелеу құрметіне елордада фотокөрме ұйымдастырылды. Онда қазақстандықтар елдің көрікті жерлерімен, сұлу табиғатымен, ұлттық және отбасылық мерекелерімен, үндістандықтардың тұрмысымен таныса алды.

Авторы: Ақзер Сегізбаева

Фото: 365info.kz