Қазақстан мен Индонезияның өзара ынтымақтастығына – 25 жыл

Қазақстан мен Индонезия екіжақты ынтымақтастықты күшейтіп, экономикалық және мәдени байланыстарды кеңейтуде, - деп хабарлайды Kazakh TV арнасының тілшісі.

Өткен жылы екі елдің дипломатиялық қатынастар орнатқанына 25 жыл болды. Қазақстандағы Индонезия елшісі Рахмат Промононың пікірінше, осы аралықта екі елдің өзара іс-қимылы жоғары деңгейге көтерілген. Жыл сайын екіжақты сауда көрсеткіші артып келеді. Тараптар, сондай-ақ инвестициялық ынтымақтастықты белсенді дамытуда. Индонезиялық компаниялар Қазақстанның фармацевтикалық және тау-кен өндіру саласына қаражат салмақ.

РАХМАТ ПРАМОНО, ИНДОНЕЗИЯНЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЕЛШІСІ:

– Біздің елдеріміз арасындағы сауда жыл сайын артып келе жатқанын атап өткім келеді. 2017 жылы екіжақты тауар айналымы 53 млн долларға жетсе, 2018 жылы бұл көрсеткіш 60 млн долларды құрады. Биылғы бірінші тоқсанның соңғы 3 айында біздің екіжақты саудамыз 143 миллионға жетті. Сондықтан бұл айтарлықтай үлкен өсім.

Сонымен қатар мәдени қарым-қатынас та белсенді дамып келеді. Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласында 3 жылдан бері индонезиялық мәдени орталық жұмыс істейді. Мұнда келушілер ұлттық билерді меңгеріп, дәстүрлі музыкалық аспаптарда ойнауды үйрене алады. Сонымен қатар орталықта тіл курстары өтеді. Индонезия Елшілігі мен мәдени орталық екі халықтың жақындасуына ықпал ететін түрлі іс-шараларды тұрақты түрде ұйымдастырып отырады.

РАХМАТ ПРАМОНО, ИНДОНЕЗИЯНЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЕЛШІСІ:

 - Биыл бізде Индонезияның Тәуелсіздік мерекесі 17 тамыз күні тойланады. Бірақ ресми қабылдау 20 қыркүйекке белгіленген. Өткен жылдағыдай біз мәдени перфоманс өткізбекпіз. Сондай-ақ ресми қабылдаудан басқа, біз бұл мәдени көріністі басқа жерлерде көрсетуді жоспарлап отырмыз. Мысалы, өткен жылы ол Хан-Шатыр мен Еуразия ұлттық университетінде көрсетілді. Биыл әртістеріміздің өнерін барынша көп адамдарға көрсете аламыз деген ниеттеміз.

Білім беру саласы – екі ел ынтымақтастығының тағы бір маңызды бағыты. Индонезия қазақстандық студенттерге арнайы өз жоғары оқу орындарында магистратурада білім алуға, сондай-ақ осы елдің тілі мен мәдениетін үйренуге мүмкіндік беретін түрлі стипендиялар ұсынады.

Авторы: Ақзер Сегізбаева

Фото: fotolia.com