Қазақстан тарихы Тұңғыш Президенттің есімімен байланысты

Қазақстан тарихы Тұңғыш Президенттің есімімен байланысты

Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Түркі әлеміндегі ең ықпалды тұлға. Елбасының тың бастамалары түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастығын арттырып, жаңа деңгейге көтеруге сеп болды. Түркияның белді саясаткерлері мен қоғам қайраткерлері осылай дейді. Түркі дүниесінде оны тіпті XXI ғасырдың Білге Қағаны деп атап, кемеңгерлігін Түркия Республикасының негізін қалаған Мұстафа Кемал Ататүріктің ел дамытудағы істерімен салыстырып жатады.

ЯЛЧЫН ТОПЧУ, ТҮРКИЯ ПРЕЗИДЕНТІНІҢ БАС КЕҢЕСШІСІ:

 - Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев – Түркі дүниесі, Ислам әлемінің ғана емес, төрткүл дүниенің көшбасшысына айналған тұлға. Ресей Президенті Владимир Путин оны «Әрдайым болашаққа ұмтылатын адам» деп сипаттайды.

Түркия – Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін таныған тұңғыш ел. Қос тарап арасында қол қойылған көптеген мемлекетаралық келісімдер мен хаттамалар арқылы әртүрлі салаларда қарым-қатынастар мен ынтымақтастықтың негізі қаланды. Қазақстан Республикасы Түркияның Еуразия географиясындағы ең маңызды саяси және экономикалық орталықтарының біріне айналды.

НАМЫК КЕМАЛ ЗЕЙБЕК, ТҮРКИЯНЫҢ БҰРЫНҒЫ МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ ТУРИЗМ МИНИСТРІ:

 - Алғаш рет Қазақстанға барғанымда Назарбаев басқа Орталық Азия көшбасшыларынан ерекшеленіп тұрды. Осы себепті барлығымыз бір ауыздан Қазақстанмен қатынасты бекем ұстауға шешім қабылдадық. Бүгінде екі ел стратегиялық серіктес әрі барлық салада ынтымақтастығы жоғары деңгейге жеткен елге айналды. Назарбаев та күллі Түркі жұртының көшбасшысы атанды.

Түркітілдес мемлекеттер арасында бірқатар халықаралық ұйымдар жұмыс істейді. Әрқайсысының өз саласы мен жауапкершілігі бар. Оның төртеуі тікелей Елбасы бастамасымен құрылған. 1992 жылдан бүгінге дейін Түркітілдес мемлекет басшыларының 15 саммиті ұйымдастырылыпты.  Нұрсұлтан Назарбаев осының барлығына қатысқан.

ХАЛИЛ АҚЫНЖЫ, ТҮРКІ КЕҢЕСІНІҢ БҰРЫНҒЫ БАС ХАТШЫСЫ, ПРОФЕССОР:

 - Назарбаев – Түркітілдес мемлекет басшыларының бірінші саммитінен бастап, бүгінгі таңға дейін түгел қатысқан мемлекет басшысы. Нұрсұлтан Назарбаев 1990 жылдардың басынан бері Түркі әлемінің жақындасуына, түркі халықтарын біріктіретін ұйымдардың құрылуына ықпал етті. Сондықтан Қазақстанның Тұңғыш Президентіне «Түркі Кеңесінің ғұмыр бойғы құрметті төрағасы» мәртебесі берілді.

Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев – түбі бір түркі мемлекеттерінің тәуелсіздігін қуаттай отырып, интеграциялық қарым-қатынастың нығаюына барлық күш-қуатын жұмсаған ұлы қайраткер. Елбасы Қазақстан халқының бірлігімен қатар, түркі тілдес халықтардың мәдени, экономикалық қарым-қатынастарын нығайтуда қажырлы еңбек атқарды.

Фото: kznews.kz