Еуразиялық интеграция бастамашысы – Елбасы

Еуразиялық интеграция бастамашысы – Елбасы

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Еуразиялық интеграцияның бағыт-бағдарын нұсқаушы болып қалуы тиіс. Шетелдік сарапшылар осылай дейді. Биыл экономикалық бірлестік туралы идеяның жарияланғанына 25 жыл болады. 1994 жылы Мәскеу мемлекеттік университетінің қабырғасында Нұрсұлтан Назарбаев «Еуразиялық одақ жобасы» туралы алғаш рет айтқан еді. Араға 20 жыл салып, 2014 жылы Қазақстан, Ресей және Беларусь басшылары ортақ келісімге қол қойды. Ал осыдан 5 жыл бұрын елордада Еуразиялық экономикалық одақ жөніндегі келісім жасалды.

РУСЛАН АУШЕВ, ИНГУШЕТИЯНЫҢ ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Алмағайып заманда ел тізгінін ұстаған Нұрсұлтан Назарбаевтың тәжірибесін елестетіп көрдіңіз бе? Оның көрегендігін мойындамасқа болмайды. Ол сындарлы саясатын жүзеге асыра білді, әрқашан да бәрінен хабардар. Алғашында Еуразиялық одақ құру туралы ойы айтылғанда көпшілік «бұл кімге керек?» деген сыңай танытты. Ал кейін мұның стратегиялық қадам екеніне бәрінің көзі жетті.

Жаңа бірлестіктің тиімділігі алғашқы 5 жылдың өзінде байқалды. Өйткені Еуразиялық экономикалық одақ 180 млн тұтынушысы бар тауарлар мен капитал және қызмет нарығына айналып үлгерді. Осы ретте Қазақстан аса белсенділік танытты.

ЯРОСЛАВ ЛИСОВОЛИК, РФ ҮКІМЕТІ ЖАНЫНДАҒЫ САРАПШЫЛЫҚ КЕҢЕС МҮШЕСІ:

 - Қазақстан соңғы бірнеше онжылдықта посткеңестік кеңістіктегі үлгілі экономикалардың қатарына қосылды. Бұл – ел таңдаған даму бағытының нәтижесі. Және де өзгелер осы бағыттың одан әрі жалғасқанын күтеді. Бұл сабақтастық алдағы жылдары да сақталады деген ойдамыз.

Биыл мамыр айында Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің басшылары Нұрсұлтан Назарбаевты Жоғары Еуразиялық Кеңестің құрметті төрағасы етіп сайлады. Сарапшылардың айтуынша, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Еуразиялық ықпалдастықтың бағыт-бағдарын нұсқаушы болып қалуы тиіс.

СЕРГЕЙ РЕКЕДА, ЫҚПАЛДАСТЫҚ КЕЛЕШЕГІН ЗЕРТТЕУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:

 - Еуразиялық экономикалық одақты дамытудың бағыт-бағдарын нұсқаушы керек екендігі түсінікті. Және осы орайда Нұрсұлтан Назарбаевқа тең келер үміткер жоқтың қасы. Естеріңізде болса, ол одақтың басқа экономикалық бірлестіктерден оқшауланбағанын қалады. Керісінше, әлемдік экономика жүйесінің бір кірпіші болып қаланғанын тіледі. Меніңше, Нұрсұлтан Назарбаевтың осы бағыттағы қызметі ары қарай да жалғасын табады.

Еуразиялық экономикалық одақ – стратегиялық ойдың керемет үлгісі. Сарапшылардың айтуынша, әлемде болып жатқан сауда соғысы жағдайында Одақтың стратегиясын анықтау, оның даму бағытын нақтылау сынды міндеттер жетіп артылады. Сондықтан көпшілік Назарбаевтың миссиясы аяқсыз қалғанын қаламайды, - дейді мамандар.

Фото: egemen.kz