Көреген көшбасшы, сарабдал саясаткер

Қазақстанның тәуелсіздік алып, тұрақты дамуы тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты. Еуропалық парламент депутаттары мен беделді халықаралық ұйымдардың өкілдері осылай дейді. Шетелдік сарапшылардың айтуынша, Елбасы – елдің дамуын алдын-ала болжап, анықтай білген әлемдік деңгейдегі тарихи тұлға. 

АНДРЕЙ МАМЫКИН, ЕВРОДЕПУТАТ:

-  Нұрсұлтан Назарбаев ел байрағын әлемдік сахнада биікке көтерді. Оның басқаруымен Қазақстан ширек ғасырда БҰҰ деңгейінде, дүниежүзінде ықпалды ойыншыға айналып, Орталық Азия аймағында көш бастады.

ДАВИД ЧИКВАИДЗЕ, БҰҰ-НЫҢ ЖЕНЕВАДАҒЫ БӨЛІМІ БАС ДИРЕКТОРЫ ХАТШЫЛЫҒЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

 - Бұл адам Қазақстанның үлкен жетістіктерге жетіп, аймақтағы ықпалды мемлекетке айналуы үшін көп еңбек етті. Республика орналасқан аймақта ғана емес, жалпы бүкіл әлемдегі саяси тәртіпке де зор үлесін қосты.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Женевадағы бөлімі бас директоры хатшылығының жетекшісі Давид Чикваидзе осыдан 30 жыл бұрын ел билігіне Нұрсұлтан Назарбаевтың келуі – Қазақстанның бағы дейді. Себебі ол мемлекет басшысы ретінде елді тығырықтан алып шықты. Елбасының басқаруымен Қазақстанның тұрақтылығы нығайып, халықаралық аренадағы орны айқындалды. Бұл Сирия дағдарысын шешуде Астана алаңын ұсынуға негіз болды. Келіссөз нәтижесінде Қазақстан әлемдік деңгейдегі мәмілегер елдердің қатарына қосылды.

ДАВИД ЧИКВАИДЗЕ, БҰҰ-НЫҢ ЖЕНЕВАДАҒЫ БӨЛІМІ БАС ДИРЕКТОРЫ ХАТШЫЛЫҒЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

-  Мен БҰҰ-ның Сирия мәселесі бойынша арнайы уәкілі басқармасындағы әрептестеріммен жиі араласамын. Олар осы Астана процесінің шешімдерін жоғары бағалайды. Жалпы Қазақстан, оның ішінде Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары ядролық қарусыздану сияқты өзге де өзекті мәселелерді талқылайтын маңызды алаңға айналғанына және келешекте осы бағытта дами беретініне сенімім мол. Осының бәрі – мемлекеттік биліктің философиялық бағдарының белгілері.

Ашық және тәуелсіз Қазақстан – жақын және алыс шетелмен тату көршілік, достық қарым-қатынас орнатқан мемлекет. БҰҰ-ның өкілі осылай дейді.

ДАВИД ЧИКВАИДЗЕ, БҰҰ-НЫҢ ЖЕНЕВАДАҒЫ БӨЛІМІ БАС ДИРЕКТОРЫ ХАТШЫЛЫҒЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

-  Бұл – мемлекет тізгінін дана, көреген адам ұстап, басқаруының арқасында қол жеткен жетістік. Назарбаев кадрлық саясатты да өте ұтымды жүзеге асырды. Мұны Қазақ елінің үлкен жеңісі деп айтуға болады.

Халықаралық сарапшылар мен дипломаттар Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі жаһандық деңгейдегі тарихи тұлғалармен қатар тұрғанына сенімді. Ол мемлекет дамуының қазақстандық моделін құрып, еліміздің мызғымастығына кепіл бола білген көреген көшбасшы, сарабдал саясаткер екенін айтады.

Фото: sputniknews.kz