Сарапшылар Тоқаев туралы: Дипломатиялық тәжірибесі бар президент мемлекетке басымдық береді

Қасым-Жомарт Тоқаевтың дипломатиялық мол тәжірибесі мемлекет басшысы қызметінде өз пайдасын әкеледі. Еуропа Парламентінің Депутаты Тьерри Мариани осындай пікірде. Оның айтуынша, Қазақстанның сайланған президентін әлем саясаткерлері жақсы таниды және құрметтейді.

ТЬЕРРИ МАРИАНИ, ЕУРОПА ПАРЛАМЕНТІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

 - Дипломатиялық жұмыс тәжірибесі бар президенттің қай саланы болсын дөңгелетіп әкететініне күмәнім жоқ. Сенатты басқарған кезде Тоқаев мырзамен бірнеше рет кездескенмін, сондай-ақ ол Парижге де келген еді. Халықаралық деңгейде  ол кісінің беделі жоғары. Қазақ халқы  дұрыс таңдау жасады деп ойлаймын.

Біріккен Корольдік форин-офисінің бұрынғы басшысы Джек Стро Қасым-Жомарт Тоқаевтың дипломатиялық қасиеттері ерекше екендігіне тоқталды. 2000 жылдары Стро біраз маңызды саяси мәселе бойынша Тоқаевпен әріптестікте жұмыс істегенін айтады. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін жеткен жетістіктеріне әріптестерімен бірге таң қалғаны Джек Строның әлі есінде.

ДЖЕК СТРО, ҰЛЫБРИТАНИЯНЫҢ БҰРЫНҒЫ СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІ:

- Мен президент Тоқаевты жақсы  білемін. Оның сыртқы істер министрі ретінде халықаралық мәселелер бойынша жеткен жетістіктері туралы хабардармын. Дипломатия кез келген мемлекет үшін маңызды. Әсіресе осындай көршілері бар Қазақстан үшін. Біріккен Корольдік те бүгінде елдеріңізбен жоғары деңгейде тығыз-қарым қатынас орнатқан. Қазақстан қаржы орталығы ретінде жақсы дамып келеді. Осыған орай Қазақстанның келешекте одан әрі кемелдене түсетініне сенімдімін.

Қырғызстан сарапшылары болса, халық таңдауында жеңіске ие болған Қасым-Жомарт Тоқаев тәжірибелі басқарушы ретінде Тұңғыш Президенттің Қазақстанды әлемнің ең дамыған елдер қатарына қосу саясатын жалғастырады дейді. Кезінде Үкімет, Парламент және Сыртқы істер министрлігін басқарға Қасым-Жомарт Тоқаевтың мол саяси тәжірибесі бар. Сол себептен, қырғыз сарапшылары жаңа президентпен Қазақстанның қарқынды дамитынына сенімді.

ТОКТОГУЛ КАКЧЕКЕЕВ, ҚЫРҒЫЗСТАН ҚОРҒАНЫС МИНИСТРЛІГІ ЖАНЫНДАҒЫ ҚОҒАМДЫҚ БАҚЫЛАУ КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

- Қасым-Жомарт Тоқаев ой-өрісі кең, Батыс, Шығыс, Солтүстік пен Оңтүстіктің саяси технологияларын меңгерген тұлға. Сондай-ақ ол саяси басқару мен халықаралық қатынастар салаларының бірегей маманы. Бүгінде  мемлекетті басқару үшін міндетті түрде осындай білім қажет.

Фото: akorda.kz