Халықаралық бақылаушылар Қазақстандағы сайлау туралы

Қазақстанның кезектен тыс Президенттік сайлауы әлемдік стандарттарға сай өтті. Саяси науқан елдің демократиялық дамуын тағы бір айғақтады. Бұл халықаралық сарапшылардың пікірі. АҚШ өкілі Джон Гарднердің айтуынша, таңдауын жасауға ағылған жастардың белсенділігі таңқалдырған. Сондай-ақ, шетелдік бақылаушы мүгедек жандардың дауыс беруіне жасалған жағдайларды ерекше атап өтті.  

ДЖОН ГАРДНЕР, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАҚЫЛАУШЫ /АҚШ/:

- Қазақстанда АҚШ-тағыдай мүмкіндіктері шектеулі адамдардың дауыс берулеріне барлық жағдайлар жасалған. Сайлау учаскелерінің бірі мүгедектерге таңдауларын жасау  үшін  арнайы жәшік жібергенін көрдім. Сайлаудың ашық әрі әділ өтуін қадағалау үшін түрлі партия өкілдері бірге жүрді. Меніңше, Қазазақстандағы сайлау үрдісі барлық талаптарға жауап береді. Бұл елдің демократиялық дамуының айқын көрінісі.

Халықаралық бақылаушылардың пікірінше, жалпы халықтың белсенділігі өте жоғары болды. Еске салайық, орталық сайлау комиссиясының мәліметтеріне сәйкес, дауыс берушілердің 77 пайыздан астамы өз таңдауын жасады.

ВАЛЕРИЙ-АНДРЕЙ СТЕРИУ, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАҚЫЛАУШЫ /РУМЫНИЯ/:

- Менің байқауымша демократиялық сайлаудың барлық талаптары ескерілді. Бәрі ашық түрде өтті. Мен тұратын елмен салыстырғанда сайлаушылардың белсенділігі өте жоғары. Бізде халықтың жартысы ғана дауыстарын береді.

РЕЗА ТАБРИЗИ, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАҚЫЛАУШЫ /ҰЛЫБРИТАНИЯ/:

- Қазақстандағы сайлау барлық талаптар мен стандарттарға сай өтті деп айта аламын. Бұл демократиялық даму жолын таңдаған Қазақстан үшін тарихи сәт.               

Айта кетейік, Қазақстандағы сайлау барысын мыңнан астам халықаралық бақылаушы қадағалады.

Фото: bnews.kz