Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Президенті қызметіне ресми кірісті

Нұр-Сұлтан қаласындағы Тәуелсіздік сарайында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты ұлықтау рәсімі өтті. Осы сәттен бастап  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев президент қызметіне ресми түрде кірісті. Ұлықтау рәсімі барысында Қасым-Жомарт Тоқаев ант берді. Шараға елдің Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

- Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепiлдiк беруге, Қазақстан Республикасы Президентiнiң өзiме жүктелген мәртебелi мiндетiн адал атқаруға салтанатты түрде ант етемiн.

Еске сала кетейік, 9 маусымда өткен президенттік сайлауда Қасым-Жомарт Тоқаев жеңіске жетті. Орталық сайлау комиссиясының ресми деректері бойынша ол 70,96 пайыз дауыс жинаған. Яғни, оған 6 млн 539 мың 715 адам өз дауысын берген. Ал сайлауға келгендердің саны 77,5 пайызды құраған болатын.